Басты Жаңалықтар 800 мыңға жуық ер адам әйелдер ғана ауыратын аурулар бойынша скринингтен өткен

800 мыңға жуық ер адам әйелдер ғана ауыратын аурулар бойынша скринингтен өткен

  1. Астанада 682 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған жекеменшік емханалардың басшысы ұсталған. Тергеу дерегінше, 2022 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен оның клиникаларының арасында 2,4 млрд теңгеге келісімшарт жасалған.
  2. Алайда басшы ем алмаған науқастарға жалған диагноз қойып, көрсетілмеген қызметтерді тіркеген. Сот санкциясымен күдіктінің Испаниядағы үйіне, Астанадағы пәтері мен автокөлігіне тыйым салынды. Мұндайлар көп болып шықты. Сәл кейін.
  3. Бұл жерде бірден Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің жекеменшік клиникалармен текетіресі еске түседі. Былтыр ол лицензиясы жоқ клиникалардың жұмыс істеуіне министрліктің әлі келмейді, медициналық ұйымдар «мафияға» айналып кетті деп, заңды өзгертуге күш салған. Кейбір медициналық мекемелер депутатты сотқа да берген...
  4. «Олар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың ақшасын қалтасына салып отырды. Әлі де лицензиясы жоқ біраз медициналық ұйымдар дөкейлерді, биліктегі көкелері мен жәкелерін пайдаланып отыр. Соларға бүгін балта шаптық. Денсаулық сақтау министрлігіне бақылау функциясын бердік», – деген еді депутат мамыр айында.
  5. Жаңа айтқан «ондайлар көп» дегенге оралайық. Жұмада Қаржы министрі М. Тәкиев бюджеттен көбірек ақша алу үшін клиникалардың қайтыс болған кісілерді «емдеп», балаларға бір күнде мыңдаған дәрі тағайындағанын айтты. Мынадай сандар келтірді:
    1. – жекеменшік клиниканың дәрігері бір күнде 1 442 пациент «қабылдаған»;
    2. – қайтыс болған 996 адамға 3 640 рет қызмет көрсетілген. Мысалы, былтыр, 2023 жылы көз жұмған адамды қабылдауға жазған;
    3. – 768 827 ер кісі әйелдер ғана ауыратын аурулар бойынша скринингтен «өткен». Оның ішінде 619 жігіт маммографиядан «өткен». Алматы облысының бір ауданында сондай 11 мыңнан аса жағдай тіркелген;
    4. – Диксимид препараты 126 мың рет екі балаға жазылған. Бір балаға 63 мыңнан келіп тұр. Бұл – Жетісу облысында.
  6. Салық органдарының тексерісі бойынша медициналық ұйымдардың 1 465 басшысы 2024–25 жылдары 5 мыңнан аса жылжымайтын мүлік сатып алған. 912 адам 1 416 автокөлік рәсімдеген. Кейбірі екі жылда 52-ден 124-ке дейін жылжымайтын мүлік, 14-тен 24-ке дейін автомобиль сатып алған.
  7. Айнадай болып көрініп тұрған және күдік туғызған фактілерге жиыны қанша бюджет қаржысы кеткені туралы есеп айтылмады. Премьер О. Бектенов медициналық сақтандыру қорын тексеріп, сосын оны Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағынан Қаржы министрлігіне өткізуді тапсырыпты.

Бөлісу