Сарапшы: Суды үнемдеуден бұрын оны есептейтін жүйе жоқ
Биыл су тапшылығы 1 млрд текше метрге дейін жетуі мүмкін. Оңтүстіктегі қоймалар суға толмай жатыр. Қазір ондағы су деңгейі былтырмен салыстырғанда 1,9 млрд текше метрге төмен... Ал су үнемдеу жағы қалай, оған жұмсалып жатқан қаражат қайда? Үкімет басшысы О. Бектенов сала министріне қарап сұрады.
Су ресурстары және ирригация министрі Н. Нұржігітовтің жауабы: «Пайдаланып жатқан су көлемі, мысалы, 2023 жылы 1 млрд 800 млн текше метр болса, технологиясының арқасында 700 млн текше метр үнемдедік».
Ал осы есеп дәл ме? 700 млн текше метрді қалай есептеді? Есептегіш құралдар бар ма? Қалай күмәнданбаймыз, күмәндануға негіз болатын ситуация жетеді. Дәл осындай – шын мәнінде тиімді болып-болмағанын есептеу қиын қаншама жоба бар десеңші!
Бюджет қаражаты «су» болып ағып кететін кез аз деп көріңізші.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
«540 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді» деп айтып жатырмыз. Алдағы үш жылға 200 млрд-тан теңге береміз. Оның нақты әсері бар ма? Су үнемдедік пе? Диқандарға көбірек су бердік пе?
Дәл осы сұрақты Үкімет басшысы ғана емес шаруа жайын білетін көп адам Су ресурстары министріне қойғысы келіп жүрген.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
23 жылмен салыстырғанда пайдаланып жатқан судың көлемі тұрақты түрде азайып келеді.Егіліп жатқан суармалы жердің 1,2 млн га қалып тұрса да пайдаланып жатқан су көлемі 23 жылы 11,8 млрд текше метр болса биылғы жылы 11,1 млрд текше метр.
Иә, естіп тұрғандарыңыздай, Нұржан Нұржігітовтың жауабы дайын болып шықты. Енді осыны тарқатып көрейік. «Қазақстанда су үнемдеу технологиялары бар алқаптың жалпы көлемі 543,5 мың гектарға жетті» деген есеп бар. Су үнемдеу технологиялары деген кезде жауапты министрлік тамшылатып суару және жаңбырлатып суару әдістерін айтады.
2030 жылға дейін бұл алаңды 1,3 мың гектарға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Фермелердің су алу және жеткізу инфрақұрылымын тартуға, су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға жұмсалған шығындарын өтеу үлесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылды.
Бірақ су ресурстары жөніндегі сарапшылар «суды үнемдеу деген тамшылатып немесе жаңбырлатып суару емес» дейді. Ол үшін ең алдымен судың есебін білу керек.
Ерлан Бадашев, су ресурстары жөнінде сарапшы:
Судың есебі жүргізілуі керек. Есептеу жүйесі жоқ. Есептейтін заманауи өлшеуіш құралдары жоқ.
Егер заманауи есептеу жүйесі болмаса қанша судың келіп, қанша судың ағып кеткенін қалай біледі?
Ерлан Бадашев, су ресурстары жөнінде сарапшы:
Су берген кезде ашатын, керек емес кезде жабатын қақпа тұрады. Дәл қақпаның қапталында 10,20,30 см деп сызып қойған тақтайша тұрады. Осыдан 40-50 жыл бұрын жасалған жобалау кезінде 20 см деңгейінде ағып жатса, яғни 1 текше су кетіп жатыр деген сөз дейді. Сонымен «1 текше су беріп жатырмыз» деп жазады. Ал 25 см болса 1,5 текше су деп қаламмен жазады.
Сондықтан «үнемделгеннен бұрын Қазақстан аумағында қалыптасқан су көлемінің өзі белгісіз» дейді сарапшы.
Ерлан Бадашев, су ресурстары жөнінде сарапшы:
100 текше километр дейді ғой. Біздің былай жерүсті су қорымыз. Соның 44-45 пайызы басқа елдерден келеді. 50 текшекилометр өз аумағымызда қалыптасады дейді. 44 текшекилометрге сенуге болады. Бірақ біздің елдің аумағындағы суларды өлшеп жатқан ешкім жоқ. Кеңес үкіметінің 1970 жылдардағы цифр өзгермейді. Сарыарқаның бойында көлдер, сулар болған соның бәрін өлшемге алған. Сол кездегі цифр. Олардың көбі, көл түгілі өзендер құрғап қалды. Сонда 50 текше километр біздің аумақта жоқ.
Сарапшы айтқан «суды өлшейтін сызғыш» осы. Бұл Түркістан облысының Мақтарал ауданындағы көрініс.
Оразкелді Асабаев, шаруа:
Біздің өңірде Мақтарал ауданында ешқандай жаңа технология келген емес. Кеңес кезінде болған әлі сол нәрсемен келеді. Себебі олардың су өлшеуіш құралы да жоқ. Шаруаларға суды өлшеп бермейді.
Осы тұста айта кетейік Қазақстанда суармалы су жүйелерін «Қазсушар» компаниясы басқарады. Оған қарасты «Казводхоз» операторы бар. Түркістандық шаруалардың айтуынша су жеткізушілердің өз есептеу тәсілдері бар.
Оразкелді Асабаев, шаруа:
«Үлестік норма» дегенді алып алған бұлар. «Үлестік норма» бұл былайша айтқан кезде бұл жоспар. Шаруалар «бір жылда мынанша су аламын» деген жоспар болады бұл. Ал олар «мынау үлестік норма» дейді де «күріш дақылына 28 мың текше текше, мақта дақылына 9 текше» дейді. Ал 9 текшені олар өлшеп берсе ол жерде 9 емес. Қыста 2 текше, жазда 2 жарым текше. Ары кетсе 4,5 текше.
Ал жалпы шаруаларға берілетін су гидробекеттерде өлшеніп, есептелуі керек. 2025 жылы жалпы гидротехникалық құрылымдарды жаңғыртуға 173 миллиард теңге бөлінген. Заң бойынша мұндай гидробекеттердің бетондалғаны жылына екі рет, бетондалмағаны жылына бір рет аттестациядан өтуі керек. Түркістандық шаруалардың сөзінше ондай жұмыстар мүлде жүргізілмейді.
Оразкелді Асабаев, шаруа:
Бізде 529 гидробекет бар. Ол 529 гидробекет деген сөз сол жерде аттестациядан өту керек. Гидробекет аттестациядан өтпесе уже берген суы заңсыз. Ал аттестациядан өтпесе ол өлшей алмайды.
Судың тырнақша ішіндегі «есебі» осындай болғаннан кейін судың «қара нарығы» деген ұғым пайда болды. Министр Нұржігітовтің өзі «Судың «қара нарығы» бар. Біздің алдын ала есептеулеріміз бойынша, ол жалпы пайдалану көлемінің 5-10 пайызын құрайды» деген.
Ерлан Бадашев, су ресурстары жөнінде сарапшы:
Су беруші мекеме суды табиғи көзде алғанда арнайы рұқсат қағазымен алады да әрмен қарай шаруаларға келісім-шарт арқылы береді. Судың белгіленген тарифі бар. Судың шығындарын жабатын тарифі болуы керек. Су беруші мекеме келісім-шартты 1000 текше метрге жасайды да ал бірақ шаруаға керегі 5 мың мысалға. Қалған 4 мыңға заңсыз алады. Шаруадан алады ақшаны. Егер мемлекеттік жүйеде су беруші рұқсат алды ма 1 миллион суға қанша су бергені компьютерден көрініп отырса ондай істемес еді.
Оразкелді Асабаев, шаруа:
Өздері бергелі бері судың жоғалтуын 50 процентке дейін апарды. Ал сонда 50 пайыз деген қайда? Ол артық судың бәрін жазып отыр. 3 текше кететін жерге 10 текше жазады. 5 текше кететін жерге 12 текше жазады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы