Басты Жаңалықтар Шетелдегі кино түсіретін компаниялар табыстың 70-90 пайызын алады

Шетелдегі кино түсіретін компаниялар табыстың 70-90 пайызын алады

Шетелдегі кино түсірушілер кассалық түсімнің 70-90 пайызына дейін алады. Кинодан түскен табысты бөлу әлем елдерінде әртүрлі есептеледі. Ал Қазақстандағы кинотеатрлар билеттен түскен кірістің 50%-ын бірден алады. Жуырда Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев саланы сынға алып, Үкіметке сауал жолдаған еді. Өзге елдердегі нарық талабы қандай? Экономист не дейді?
QAITADAN. Дәл осы отандық фильмге мемлекеттік бюджеттен небәрі 190 млн теңге бөлінген. Ал табысы 1 млрд теңгеден асқан. Бес есе көп. Бірақ сол 1 млдр теңгеден аса қаржының бірден 50 пайызы, яғни 550 млн теңгесі кинотеатрлардың қоржынына түсті. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, мемлекет қаржыландырған фильмдерден ең көп пайданы киноны түсірушілер емес, жекеменшік кинотеатрлар көріп отыр.
Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бүгінгі кинорынокты санаулы киножелілер бақылауда ұстап отырғанын бәріміз білеміз. Олар экранды, праймтаймды тіпті қай фильмді көрерменге жететінін өздері шешетін жағдайға жеткен. Бұл әділ бәсеке емес. Бұл нағыз монополиялық саясат. Мұндай жағдайға антимонополиялық органның немқұрайлы қарамауы тиіс. Бүгінде ірі кинотеатрлар желілері өздерінің монополиялық жағдайын пайдаланып, фильм прокатының алғашқы күнінен бастап кассалық түсімнің 50 пайызын пайдадан емес, тікелей табыстан, яғни түсімнен алып отыр. Бұл әділ нарықтық қатынас емес. Нағыз ашық қанау деп есептейміз.
Ал халықаралық тәжірибеге сүйенсек, мысалы, АҚШ-та прокаттың алғашқы апталарында кино түсірушілер кассалық түсімнің 70-90 пайызына дейін алады.
Ұлыбританияда дистрибьюторлер билет сатылымынан түскен пайданы кинотеатрлармен бөліседі. Бірақ пайыздық көлемі 50/50 емес. Фильмнің қаншалықты қымбатқа түсірілгені және қанша уақыт көрсетілгендігіне қарай өзгеріп отырады.
Ұлыбританиядағы фильмдерді тарату тізбегінде көбіне дистрибьютор басымдыққа ие. Фильмнің қай кинотеатрға және қашан жіберлетінін солар шешеді. Өйткені олардың мақсаты - прокаттың алғашқы екі аптасында кассалық түсімді барынша арттыру.
Ал Түркияда продакшн компаниялар өз өнімдерін көрсету үшін кинотеатрлармен тікелей келіссөз жүргізбейді. Олар түсірген фильмдерін дистрибьютер компанияларға береді де, оның әрі қарайғы жарнамасы мен көрсетілімін солар өз мойнына алады. Түркияда кинотетатрлар мен продакшн компаниялары құқықтары тең. Бұдан бөлек Түркияда мемлекет ешқандай көркем фильмді 100 пайыз қаржыландырмайды. Көбінесе 10-15 пайыздық қайтарымсыз грант бөледі.
Жиһан Жан, «Серувен» кинокомпаниясының басшысы:
Түркияда ірілі-ұсақты 1600-дей кинотеатр бар. Көп жағдайда фильмнен түсетін пайданың қалай бөлінетіні дистрибьютерлік компаниямен жасаған келісімшартқа байланысты. Себебі кинотеатрлармен келісімді фильм авторы емес, дистрибьютерлік компания жасайды. Жалпылама айтатын болсақ, көп жағдайда кассалық түсімнің 55 пайызы кинотеатрға 45 пайызы авторға бөлінеді. Автор мұның 10-15 пайызын дистрибьютерлік компанияға береді. Дегенмен келісімге қарай бұл шарттар өзгеруі мүмкін.
Осының бәрін ескерген депутат фильм өндірісіне кеткен шығын толық қайтарылмайынша, кассалық түсімнен үлес алу дұрыс емес деп санайды. Пайданы бөлу тек фильм өзін-өзі ақтағаннан кейін ғана әділ бөлінуі керек деп есептейді. Ал экономист Думан Ахметжанұлы кассалық түсім заң тұрғысынан реттелуі керек дейді.
Думан Ахметжанұлы, экономист:
Нарықтық жағдайды келтірмей, тек заңды түрде келсек және кинотеатрлар жайлы заңнамалар шығара бастасақ, кинотеатрларды реттейтін және бағасын реттейтін, онда үлкен сараптамалық жұмыс жүргізілуі керек. Екіншіден, бұл - таза жекеменшік бизнес.
Депутат режиссерлер мен продюсерлер қысымнан қауіптеніп, бұл мәселеге ашық үн қата алмай отырғанын да айтқан болатын. Себебі олар түсірген фильмдерін кинотеатрлардан көрсетпей, мүлдем табыс таба алмай қалады ма деп қауіптенеді, деді. Біз хабарласқан мамандар бұл мәселе туралы пікір білдіруден бас тартты. Kinopark, Kinoplexx, Chaplin сынды кинотеатрлардың өкілдері де сұқбат беруге құлқы жоқ екенін жеткізді.




Бөлісу