Ақтөбеде қой жүнін өңдейтін зауыт ашылды
Енді қой жүні қоқысқа кетпейді. Ақтөбеде табиғи өнімнен құрылыс материалдарын дайындайтын бірегей зауыт ашылды. Жылына 2 мың тоннадан астам дайын өнім шығарады. Бұл жаңалыққа ең алдымен қой өсіріп отырған шауалар ерекше қуанып отыр.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Біз тұрған шаруашылықта екі жүз елуден астам қой бар. Мал иесінің айтуынша, қой жүнінің кәдеге асырылмауы өз алдына үлкен мәселе тудырып отыр. Жыл сайын тонна-тонна табиғи өнім қоқысқа кетіп жатыр.
Алға ауданының Үшқұдық ауылында тұратын Жандос Ақынов 5 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Ол қиындығы көп болса да, қой басын арттыруды көздеген. Алайда Шопан ата түлігінің тек етінен ғана пайда тауып отыр. Егер жүнін де өткізсек, ол өзіміз үшін де, қоршаған ортаға да пайдалы болар еді дейді.
Жандос Ақынов, шаруа қожалығының басшысы:
Қоқысқа апарып төгу, өртеу бізге уақыт әрі жұмыс күші болып есептеледі. Сондықтан осы жүнімізді арзан бағаға болса да қабылдағанын жақсы көріп тұрмыз. Өйткені қаншама қой ұстайтын шаруашылық бар. Жүн бізге экологиялық мәселе болып тұр. Ұшады, шөпке араласады, мал жейді, сондай проблемалар болып тұр.
Ақтөбеде жүн өңдейтін зауыттың ашылғанына ең алдымен Жандос секілді шаруалар ерекше қуанды. Өйткені енді қой жүнін қоқыс полигондарына апарып әуреге түспейді. Оны сұрыптап, зауытқа өткізеді, пайда табады. Кәсіпорын жылына шаруалардан 3 мың тоннадан астам өнім қабылдайды. Сапасына қарай әр келісіне 50-ден 150 теңгеге дейін төлейді. Қазір мұнда 20 адам еңбек етіп жатыр.
Ерлан Жақыпов, жүн сұрыптаушы:
Жүнді өңдеп, өнім шығарамыз осы жерде. Мынау жуу цехы. Жүн бес рет жуылады.
Мемлекет басшысы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында ең алдымен мал шаруашылығын дамыту керек деген болатын. 2035 жылға қарай әлемде мал етін тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға жетеді. Яғни төрт түлік саны артқан сайын, қырқымнан түсетін жүн де көбейеді. Сондықтан зауыт басшылығы алдағы уақытта жұмысшы санын елуге дейін арттырып, көрші облыстардағы шаруалардан да жүн қабылдауды жоспарлап отыр.
Ерлан Әмірғалиев, зауыттың бас технологы:
Машинаның шығаратыны 20 түр ғой, біз әзірге 3 түріне жеттік. Барлығы жақсы болады. ТМД-да мұндай зауыт жоқ, біз біріншіміз.
Жоба құны 5 миллиард теңгеден асады. Экологиялық таза өнімге сұраныс жоғары. Қазір шетелдік мамандар соңғы келген құрылғыларды іске қосып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы