Ирандағы наразылық шеруі: 100-ден астам адам оққа ұшты
15 күн бұрын, 28 желтоқсанда Иранда өкіметке наразылық шеруі басталды. Тек Тегеран ғана емес, елдің біраз бөлігінде. Иран халқының саны 90 млн-нан асады.
Атап өтер тұсы – наразылық базарларда басталды. Ал сарапшылар Иранда базарлардың сауда ғана емес, саясатта да маңызды рөл атқаратынын айтады. 50 пайызға дейін жеткен инфляция, қымбатшылықтан ел қатты қиналып кетті.
Бірнеше күн болды, интернет өшірілді. Сондықтан опат болғандар, жараланғандар туралы верификация жасау қиын. Әлемдік ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, жараланғандар да, мерт болғандар да аз емес. Кейбір мәліметке қарағанда, кем дегенде 100-ден аса адам оққа ұшқан.
Наразы жұрттың арасында Шах династиясының мұрагері Реза Пехлевидің оралғанын қалайтындар бар. Ол 1979 жылғы төңкерісте елден қашқан шах Мохаммед Реза Пехлевидің ұлы. Осы жолы мұрагер көтерілістің басылмауына дем беріп отыр. Д.Трамп онымен кездесетінін айтып қалды.
АҚШ президентінің Иранға қатысты әлеуметтік желідегі соңғы жазбасында: «Иран бұрын-соңды бостандыққа бұлай ұмтылған емес. АҚШ көмектесуге дайын!» – деген. Ол демонстранттарға оқ атылса, біз сіздерге оқ атамыз дегенді Иран басшылығына айтқан еді...
Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи алдыңғы күні «бүлікшілер» Трампқа «жағу үшін» ғимараттарды қиратты деген әңгіме айтып тұр...
47 жыл бұрын орнаған клерикалды – бәрінің басында дін тұратын, негізгі мәселелерді діни көшбасшы шешетін билік пен жоқшылық пен оқшаулаудан шаршаған халық. Әскери-саяси құрылым – Иран революциясының сақшылар корпусын ойласаң, күрсінесің. CNN жазып алған демонстрант былай деген: «Өкінішке қарай, біз шындыққа көнуіміз керек – мына режим отставкаға кетпейді. Сырттан күш қолданбаса»...
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы