«Қазақ киносының Анасы» атанған Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақ киносының Анасы» атанған Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланады

07.03.2019

Дарынды актрисаның туған күні 8 наурыз дәл Халықаралық әйелдер күнімен тұспа-тұс болуы да ерекше белгі іспеттес. Әмина Ерғожақызының театр сахнасы мен кино әлеміндегі рөлдері халық жадында жатталып қалды. 70 жылға жуық өмірін өнерге арнаған әзиз ананы аналар мерекесінде бір еске алсақ.

Қылықты, қарапайым, қазақы. Шығыстан шыққан талантты Әмина Өмірзақова 1938 жылы Ленинград институтында оқып жүрген кезінен-ақ киноға түсе бастаған. Алғашқы фильмдері – «Комсомольск», «Амангелді», «Алыптың әні», «Ақ раушан». Ал, бойжеткеннің бағын 1945 жылы жарыққа шыққан «Абай өлеңдері» фильміндегі Ажар рөлі ашты. Ал, Анатолий Карповтың «Ана туралы жыр» фильміндегі майданда ұлын жоғалтып, қара жамылған келіншектің рөлі оған ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығын, Жалпыкеңестік кинофестивальде «Ең үздік әйел рөлі» марапатын әперді.

Актриса мен қазақтың әйгілі режиссері Шәкен Аймановқа даңғыл жол ашқан фильм «Тақиялы періште» болған еді. Әмина Өмірзақова бұл туынды арқылы ана бейнесін ашып қана қоймай, күллі елге танылып, Тайлақтың шешесі ретінде жатталып қалды.

Ұлы Тайлақ үшін келін іздеп, көрерменді бір күлдіріп, бір сүйсіндірген Әмина апайдың энергетикасын Әлімғазы Райымбеков әлі ұмытар емес.

Әлімғазы Райымбеков, актер, ҚР Мәдениет қайраткері:

- Әмина апамның бір сөзі бар: «өй, аға, мынаны қайдан таптың? Ойнайды ол, ойнайды»,-деп Шәкен ағаға. Екі алыпты ұятқа қалдырмайын деп, айтқан әңгімелерін тыңдап, мадақтап өскен азаматпыз. Кинода қандай болса, өмірде де сондай. Тумаса да, туған анамдай болды.

Өмірін өнермен байлап, 68 жыл киелі сахнадан түспеген актриса 150-дей рөл сомдапты. Хас дарыны, харизмасы, шынайылығымен шыңға шыға білген шығыс қызы ерен еңбегі үшін мемлекеттік ең жоғарғы марапаттарға ие болған. Ал, халық арасында дана, дара актриса, «Қазақ киносының Анасы» атанды.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу