Басты Жаңалықтар Жыл қорытындысы: Қазақстандық спортшылар қандай жетістікке жетті?

Жыл қорытындысы: Қазақстандық спортшылар қандай жетістікке жетті?

Спортқа байланысты бірер сөз. Әрине, бірінші кезекте «Қайрат» футбол клубының жанкүйерлерді, көп адамды мәз-мейрам қылғаны. Мультипликативті әсері де зор.

Бейбітшіліктің, санкцияға ұшыраған елдердің спортшыларын қараңыз, еңбектің, біліктің, жасалған жағдайдың және асқақ арманның қосындысы шуақты сәттерді көбейте береді. 

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Бокстан екі бірдей әлем чемпионатындағы жетістіктеріміз, «Реал Мадридтің» Алматыға келуі, Головкиннің халықаралық бокс федерациясының президенті болып сайлануы. Ең бастысы – қазақстандық спорттың реформалануы. Биыл отандық спорттағы жетістіктер мен кеткен кемшіліктерді жіктеп көрейік.

Мынау 2025 жылғы әлем чемпионаттарындағы Азия елдерінің медаль кестесі. Еліміз 14 алтын, 5 күміс және 13 қоламен 4-орынға жайғасқан. Қазақстаннан жоғары тек халқы миллиардтан асатын Қытай мен Жапония және Оңтүстік Корея сияқты шығыстың алпауыттары тұр. Жүлде санын салыстырсақ, Қазақстан спортшыларының нәтижесі былтырғыға қарағанда әлдеқайда жақсы. 2024 жылы саңлақтарымыз 4 әлем біріншілігінде 4 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған.

Алуа Балқыбекова, Бокстан екі дүркін Әлем чемпионы:

Бұл жыл бокс құрамамыз үшін нәтижелі жыл болды. Бізде әйелдер арасында да, ерлер арасында да екі әлем чемпионаты өтті. Боксшыларымыз өте керемет дәрежеде өнер көрсетті. Қаншама алтын алып жатырмыз.

Биыл ел мерейін үстем еткен жарыстардың бірі Англияның Ливерпуль қаласында өтті. World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өткен бокстан әлем чемпионатында боксшыларымыз 7 алтын жеңіп, командалық есепте үздік атанды. Былғары қолғап шеберлеріміз Өзбекстан, Үндістан, Бразилия, тіпті жарыс қожайыны Англия өкілдерін басып озды.

Араға көп салмай IBA халықаралық бокс қауымдастығы Дубайда тағы бір әлем чемпионатын өткізді. Байрақты бәсекеден спортшыларымыз 6 медальмен оралды. Оның үшеуі – алтын.

Биыл қазақстандық спорт сүйер қауымды қуантқан тағы бір жаңалық – атақты боксшы, Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің жетекшісі Геннадий Головкиннің World Boxing президенті болып сайлануы. Бұл – тарихи оқиға.

Аслан Қаженов, спорт журналисі:

Өйткені халықаралық спорт ұйымын басқарып отырған тұңғыш қазақстандық. Бокста ғана емес, бүкіл спорт түрлерінен Қазақстан азаматтары халықаралық федерацияларды басқармаған. Головкин осы қадамды бастады. Үлкен жауапкершілік алды. Үш жыл бойы сол ұйымды басқарады. Қазақ жанкүйерлері ғана емес, бүкіл әлемдік бокс жанкүйерлері үлкен үміт күтіп отыр, тағы да реформа күтіп отыр. Ол да өзінің алғашқы баяндамасында спортты тазарту, спортшыларды қолдау сынды бірқатар идеяларын айтты.

Биыл қазақстандық балуан Айдос Сұлтанғали да жанкүйерлерге күтпеген қуаныш сыйлады. Отандасымыз Загребтегі әлем чемпионатының финалында өзбек балуаны Алишер Ганиевті айқын басымдықпен жеңіп, 1999 жылдан бері алғаш рет Қазақстан қоржынына алтын жүлде салды. Айта кету керек, соңғы рет қазақстандық балуандар 1999 жылы чемпион атанған еді. Ол кезде Мхитар Манукян жеңіске жетсе, 1998 жылы Бахтияр Байсейітов әлем чемпионы болған.

Айдос Сұлтанғали, Грек-рим күресінен Әлем чемпионы:

2025 жыл мен үшін ерекше жыл болды. Өйткені өздеріңіз білетіндей, қазақ біраз күткен алтын алқаны алып келдік. Ең түпкі мақсат – Олимпиада ойындары. Және келесі жылы Азия ойындары болады. Соған тыңғылықты дайындалып, іріктеуден аман-есен өтсек, еліміздің намысын қорғауға барамыз.

Жыл қорытындысы бойынша бокстан әйелдер арасында 51 кг салмақта жұдырықтасатын әлемнің екі дүркін чемпионы Алуа Балқыбекова мен грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали Қазақстандағы үздік спортшылар атанды.

Футболда да ауыз толтырып айтарлық жетістіктеріміз бар. Мәселен, алматылық «Қайрат» шотландиялық «Селтикті» жеңіп, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне өтті. Тиісінше, «Реал Мадрид», «Интер» сынды футбол алпауыттарымен бір топқа түсті. Осы бір атақты турнирдің 15 дүркін чемпионы, әлемнің үздік командаларының бірі «Реал Мадрид» Алматыға келіп, «Қайратпен» матч өткізді. Сөйтіп, тарихта алғаш рет Орталық стадионда Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалды.

Иә, «Қайрат» өз алаңында жеңілді. Дегенмен бұл матч оңтүстік мегаполистің ғана емес, Қазақстанның имиджін көтерді десек, қателік болмас. Өйткені ойынды түрлі платформалар арқылы төрткүл дүние тамашалады, өз көздерімен көру үшін алыс-жақын шетелден 5 мыңға жуық жанкүйер келді.

Біреу білсе, біреу білмес. Бұған дейін «Астана» футбол клубы да Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнады. Дегенмен елордалық команданың жетістігін жанкүйерлер «Қайраттікіндей» жылы қабылдамады. Оның себебі мынада: «Қайрат» – жеке клуб, мемлекетке масыл емес. Құрамында қазақтың қара домалақтары көп.

Биыл халықты қуантқан тағы бір жақсы жаңалық – 4 бірдей футбол клубы, яғни «Қайсар», «Қызылжар», «Шахтер» және «Жеңіс» клубтары енді мемлекетке масыл болмайды. Аталған командалар жекенің қолына өтеді. Жылдар бойы көштен қалмайық деп, біз де қазынадан жырып, қыруар қаражатты футболға бөліп келеміз. Соңғы 7 жылда 18 клубқа 200 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бірақ нәтиже жоқ. Салыстырмалы түрде алсақ, Еуропа елдерінде доп теуіп жүрген командалар жылына миллиардтаған пайда тауып, бірсыпырасы салық төлеп, елін асырап отыр.

Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Футбол клубтарын жекешелендірмейінше жетістікке жетуіміз өте қиын. Себебі бүгінге дейін футбол клубтарының барлығы мемлекеттік бюджеттің мойнына отырып алған, жатып ішерлердің бірі болып келді. 2025 жылдың өзінде біздің Премьер-лига мен Бірінші лигада ойнайтын футбол клубтарына 31 млрд теңге бөлініп жатыр.

Салада түйіні тарқамаған түйткілдер көп. Соның негізгілері – жаттықтырушыларды оқыту және лицензиялау жүйесінің жолға қойылмауы, инфрақұрылымның нашарлығы, бұқаралық футболды дамыту бағдарламасының жоқтығы.

Тағы бір айтатын дүние  – мемлекет тарапынан қаржыландырылатын спорт түрлерінің үш есеге қысқаруы болды. Бұған дейін 180 спорт түріне бөлініп келген қыруар қаржы енді елдің атын шығаратын жоғары жетістіктер спортына ғана бағытталады.
Аслан Қаженов, спорт журналисі:

Кәдімгі бір реформа жасалды. Және бұл – отандық спортқа қатысты нөмірі бірінші оқиға деп айтар едім. Алдағы жылдары жемісін көреміз.

2026 жылға да жоспарлар көп. Алдағы ақпан айында Миланда Қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Қазір спортшыларымыз аталған додаға жолдама алуға барын салып жатыр.

Телжан Күдеров, спорт журналисі:
Әзірге толыққанды жолдамалар саны белгісіз. Өйткені кейбір спорт түрлерінен әлем кубоктері аяқталған жоқ. Сол себепті қазіргі таңда шорт-тректен ғана баратын спортшылардың саны белгілі. Қаңтардың соңына дейін лицензиялар сарапқа салынады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Айта кету керек, Қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құраманың нәтижелері көңіл көншітпейді. Дегенмен келер жылы толағай табыстарға жетеміз деген үміт бар. Спортшыларымыз кем дегенде фристайл могул мен шорт-тректен жүлдеге ие болуы тиіс, – дейді мамандар.


Бөлісу