Жаңа Салық кодексі: Келесі жылдан бастап не өзгереді?
Премьер-министр Олжас Бектенов салық органдары бизнесті сүйемелдеп, кәсіпкерлермен қарым-қатынасты жаңа үлгі, модель бойынша құрады деп отыр.
Сервистік модель – кәсіпкерді тіркелген сәтінен бастап, қызметінің барлық кезеңінде фискалдық қолдау жүйесі. Салық органдарының міндеті – қателіктер үшін жазалау емес, қателеспеуге көмектесу, – дейді О.Бектенов.
Ал орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық реформасына жеке өзі жауапты екенін айтты. Әңгіме қосылған құн салығының өсетініне байланысты, әрине.
С.Жұманғарин өзін реформаның «әкесі» деген теңеумен келісті.
«Ешқандай «егер» деген жоқ. Неге? Өйткені бұл – эксперимент емес. Мұндай салада ешкімнің эксперимент жасауға құқығы жоқ. Бұл – есептер, халықаралық тәжірибеге сүйену. Ең бастысы, бұл қандай да бір болжап-бал ашу емес. Мұны дайындау барысында институттар мен осы саладағы ең үздік мамандар жұмыс істеді. Қазір мұнымен бәрі айналысып жатыр. Мысалы, Ресей Федерациясында жаңа жылдан бастап ҚҚС 20-дан 22 пайызға өседі. Былтыр олар корпоративтік табыс салығын 20-дан 25 пайызға көтерді…» – дейді С.Жұманғарин.
Қосылған құн салығына байланысты біз де бірнеше материал жасадық. Иә, салықтың өскенін ешкім қос қолдап қолдамайды. Бірақ салықсыз тіршілік жоқ екенін бәрі түсінеді.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Жаңа жылдан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Құжатта өзгеріс өте көп. Солардың кейбіріне тоқталайын. Мәселен, жалпы салық режимі және арнайы салық режимі арқылы салық төлеушілердің шарттары өзгерген. Енді осы екеуінің ара жігін ажыратайық. Жалпы салық режимі бойынша тауар айналымы 43 млн-нан асқан кәсіпкерлер қосылған құн салығын төлеуге міндетті. Мөлшерлемесі бұрын 12 пайыз болса, енді келер жылдан бастап 16 пайыз. Ұзақ дауласудан кейін кәсіпкерлер бұл талапқа да көндіккендей. Әрине, кейбір әлеуметтік салалар үшін мөлшерлеме төмен. Қосылған құн салығын жалпы салық режимін таңдағандар және импорттаушылар төлейді.
Балжан Жанғасинова, бухгалтер, салық бойынша кеңесші:
Өзіңіздің саудаңыз бар, сіз 10 млн теңгеге сауда жасадыңыз. Және госзакуп сайтыменен сіз 35 млн-ға келісімшартқа отырдыңыз. Әлі жұмыс жасалған жоқ. Яғни, сіз шартқа қол қойған күннен бастап есепке тұруыңыз керек.
Яғни, бұған дейін
бухгалтерлер сауда сатылғаннан кейін ғана есепке қойса, енді келісімшартқа
отырған күннен бастап, табысыңыз 43 млн-нан асса ҚҚС
төлейтіндердің есебіне тұру керек.
Балжан Жанғасинова,
бухгалтер, салық бойынша кеңесші:
Қосымша құн салығы бойынша уақтылы есепке тұрмаса ҚҚС 16 пайыз болса, айыппұлы одан жоғары болады.Ал тізімге бір іліккен соң, шығу оңай емес.
Гүлнұр Нұрланқызы, салық сарапшысы:
Қосылған құн салығына өтсеңіз әрі қарай, шығып кетуге мүмкіндік жоқ. 2025 жылы бар еді. 2026 жылы мұндай жол жоқ. Табысыңыз 40 млн-нан түсіп кеткен жағдайда да сіз төлей бересіз.
Жаңа кодексте шығудың тек екі жолы жазылған. Бірі
кәсібің жабылса, екіншісі оңайлатылған салық режиміне өтетін болсаңыз.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ал арнайы салық режимінің саны бұрын жетеу еді. Жаңа заңға сәйкес оның саны үшке дейін қысқарды. Бұл тізімдегілер қосылған құн салығын төлемейді. Біріншісі, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Екіншісі, оңайлатылған декларацияға негізделген салық режимі, үшіншісі – шаруа және фермер қожалықтары. Дәл осы үшінші түріне қатысты заңда аса қатты өзгеріс жоқ. Алғашқы екеуін тарқатайын.Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға бірқатар жеңілдік қарастырылған. Тізімге таксист, курьер, үйін жалға берушілер, фотографтар секілді 40 қызмет түрі кіреді. Біріншіден, бұл мамандарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ. Екіншіден, мемлекетке бір тиын салық төлемейді. Тек айлық табысы – 1,2 млн теңгеден аспауы тиіс және тапқан табысынан зейнетақы, мәмс жарнасы секілді 4 пайыз әлеуметтік төлемдерін төлесе жеткілікті.
Шыңберген Ерқанат, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Арнаулы салық
режимін әкімшілендіру басқармасының басшысы:
E-Salyq қосымшасында чек беру мүмкіндігі бар. Чекті берген күннен бастап, әлеуметтік салықтарын төлеу керек.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Арнайы салық режимінің екінші түрі – оңайлатылған декларацияға негізделген салық режимі. Бұған кодекстің жаңа талабына сәйкес, жылдық табысы 2 жарым млрд-қа жуықтайтын компаниялар жатады. Олар үйдің жанындағы дүкендер, дамыту орталықтары, сұлулық салондары секілді бизнес түрлері.
Шыңберген Ерқанат, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Арнаулы салық
режимін әкімшілендіру басқармасының басшысы:
Мөлшерлеме жалпы стандартты 4 пайыз. Алайда, жергілікті мәслихаттар бұл ставканы екіге дейін түсіруі мүмкін, немесе 6 пайызға дейін көтеруі мүмкін.Бірақ банктер, қаржы саласындағы қызметтер, ойын бизнесі, букмекерлер, казинолар, акциздік тауарлар секілді тыйым салынған 44 кәсіп түрі оңайлатылған салық режиміне ауыса алмайды. Ол бұрыннан бар тізім.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Дәл осы оңайлатылған салық режиміне қатысты дау да көп, түсініспеушілік те бар. Бірақ, көп кәсіпкерге ыңғайлысы осы. Өйткені, жалпы салық режиміндегілер 10-20 пайыз салық төлейді, оның үстіне биыл оған ҚҚС қосылды, ал оңайлатылған салық режимі арқылы мөлшерлеме небәрі 4 пайыз. Бірақ кәсіпкер халықпен тікелей жұмыс істеп, қызмет көрсетсе кедергі жоқ, ал ірі бизнес өкілдерінің тапсырысын орындап, өзара сауда жасаса мәселе күрделене түседі.
Гүлнұр Нұрланқызы, салық
сарапшысы:
Сізге 1 млн теңге беріп фуршет жасатты. Сол 1 млн-ды өзінің табысынан шегеріп тастайтын, біздің шығын деп. Сонда оның салығы азаятын. Енді сіз оңайлатылған салық декларациясында болсаңыз, сізден қызмет алса да, ақшасын төлеп берсе де ол соманы шегерімге шығара алмайды.
Қажыкелді Шамбыл, экономист:
Жалпы режиммен жұмыс істейтін компания өзінің барлық әріптестерін, контр-агент партнерларын жалпы режимге өткізуі мүмкін. Мұндай жағдайда эффект-домино орын алып, күтілетін 84 пайыз кәсіпкерлердің жеңілдетілген режимге өте алмауы мүмкін.
Жақында Magnum сауда желісі өзінің серіктестеріне хат жазып, осыны меңзеген.
Гүлнұр Нұрланқызы, салық сарапшысы:
Magnum үлкен кәсіпорын. Ол өзіндегі заттарды кішкентай кәсіпкерлерден алады. Олардың көпшілігі оңайлатылған салық декларациясында болған. Енді кәсіпорын кәсіпкерлерге егер жалпыға бірдей режимге өтпесеңіздер біз сіздердің тауарларыңызды алмаймыз деп хат жіберді.
Сонда мемлекет ірі кәсіпкерлердің ықпалымен шағын кәсіпкерлерді жалпыға бірдей салық режиміне өтуіне
мәжбүрлеп отыр ма?!
Шыңберген Ерқанат, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Арнаулы салық
режимін әкімшілендіру басқармасының басшысы:
Бұл - бәсекелестік. Егер үлкен компания 20 пайыз салық төлесе, кіші компания дәл сондай тауар сатып, 3 пайыз төлейді. Әрине, бұл жерде бәсекелестік бұзылады. Бірдей шарттар болу үшін, барлығына жалпыға бірдей режимге өтіп, осындай форматта жұмыс істеу ұсынылды.
Қазір оңайлатылған
салық режимі арқылы салық төлейтіндердің тізімі 1,7 млн-ға мыңға жуықтайды. Олар жалпыға бірдей режимге ауысса,
пайыздық мөлшерлемесі өседі. Екіншіден, есеп-қисап жүргізу де оңайға соқпайды.
Қажыкелді Шамбыл, экономист:
Жеңілдетілген режиммен жұмыс істесе жылына 2 рет тапсырады. Жалпылама режиммен жұмыс істесе 4-5 рет тапсырады. Көп кәсіпкерлер қорықпайды салық ставкасынан. Кәсіпкерлердің қорқатыны – егер де сіз салық есебінен сәл болсын қателессеңіз, сіздің счетыңызға арест қойылуы мүмкін. Шотыңыз бұғатталуы мүмкін. Үлкен үстемақы, айыппұл төлеуіміз мүмкін. Үлкен әкімшілік іс қозғалуы мүмкін.
Бірақ, кодексте бұл
ескеріліпті-мыс. Мәселе осы аптада үкіметте де қозғалды. Бұрын салық берешегі
26 мыңнан асса, шот бұғатталатын, енді 87 мыңға дейінгі сомада тек хабарлама
келеді. Борыш сомасы 195 мыңнан асса ғана қатаң шаралар қолданылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Айыппұл салуға емес, алдын алуға баса назар аудару. Ықтимал заң бұзушылықтар орын алған кезде, алдын-ала хабардар ету тетігі енгізіледі. Есептілік пен бюрократия азайып, салықтық есептілік 30%-ға, ал салықтар мен алымдардың саны 20%-ға қысқарады. Тексерулер тек тәуекелдер бойынша ғана жүргізілетін болады. Біз жоспарлы салық тексерулерінен толық бас тарттық.
Осылайша мемлекет
көлеңкелі экономикамен күресті күшейтпек. Бірақ, кәсіпкер қайтеді? Әрине бағаны
көтереді. Импорт та көбейеді деген болжам бар.
Балжан Жанғасинова, бухгалтер,
салық бойынша кеңесші:
Ірімшік өндіріп отырған кәсіпкер, бейімделе алмай қалса ол қосымша құн салығына көнбесе, ірімшік бәрібір керек. Оны Ресейден, Беларустен аламыз. Яғни импорт басады.
Қажыкелді Шамбыл, экономист:
Міндетті түрде ол инфляцияның өсуіне алып келеді. Өйткені, импорттың бағасы өседі. Азық-түлік тауарларының өзін импорттаймыз. Үй құрылысында қосылған құн салығын төлеген емеспіз, алдағы уақытта 1 қаңтардан қазығы қағылған үйлерге, сол қосылған құн салығы қосылады. Сондықтан үйдің бағасының да өсуіне алып келеді.
Гүлнұр Нұрланқызы, салық
сарапшысы:
Шағын кәсіпкерлер үшін бұл үлкен өзгеріс. Бәрі бір уақытта болған кезде бизнесті есеңгіретіп жіберуі мүмкін.Басында 1-2 жыл шыдап төлейді, ары қарай жабылады деген қауіп бар.
Ал осы реформаның әкесі
деген теңеуге мойынсұнған Серік Жұманғарин бар жауапкершілікті өз мойныма
аламын деп отыр.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика
министрі:
Мен бұны бұрын да айттым, мен осы реформаға жауаптымын, ал әріптестерім өз участоктары үшін жауап береді. Үкіметтегі экономикалық және қаржылық саясаттың жалпы үйлестіруін мен жүзеге асырамын. Жақында біреу мені «салық реформасының әкесі» деп атады, солай болсын. Біз бәрі сәтті жүзеге асады деп есептейміз.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ал егер реформа сәтті жүзеге аспаса, отставкаға кетесіз бе?- деген сауалға Жұманғарин: бұл шешімді мемлекет басшысы қабылдайды деп жауап берді. Сонымен жаңа жылдан бастап әр кәсіпкер қандай салық режимін таңдайтынын «E-Salyq» қосымшасы арқылы екі ай ішінде хабарлауға міндетті. Бұл әсіресе, оңайлатылған салық режиміне қатысты. Яғни, бұрыннан бар кәсіпкерлер және енді ауысуға ниетті азаматтар наурызға дейін хабарламаса, автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне ауысады. Ал оның салық мөлшерлемесін жаңа айттық, жеке тұлғалар үшін 10, заңды тұлғалар үшін 20 пайыз, оған ҚҚС қосыңыз. Болжамға сүйенсек, жаңа реформаның нәтижесінде кіріс келесі жылы 4 трлн теңгеге ұлғаяды. Үкіметтің есебінше, бұл елдің жағдайын жақсартып, тұрмысын түзетеді. Алайда елді қымбатшылық қысып, бизнес те тоқырауға ұшырайды деген қауіп ешқайда кеткен жоқ. Серік Жұманғариннің сенімділігін бәріміз сезінсек, қанекей?!
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы