Басты Жаңалықтар Президенттің Таразға сапары: Әлеуметтік, инфрақұрылымдық және кадрлық басымдықтар

Президенттің Таразға сапары: Әлеуметтік, инфрақұрылымдық және кадрлық басымдықтар

Бейсенбіде Мемлекет басшысы Таразға барған. Жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа да соққан. Интернатқа Жамбыл облысының тумасы, әйгілі Бауыржан Момышұлының есімін беруді ұсынды.

Және Бауыржан мектептері барлық аймақта ашылуы керек деп отыр. Осы аптада Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Президент тарихи әділдік үшін Бауыржан Момышұлына «Халық қаһарманы» атағын беру туралы жарлығына сол Таразда жүріп қол қойды.

Жұртшылықпен жүздесуде, әрине, облысқа ғана емес, елге қатысты мәселелерге де тоқталды. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім үшін диқандарға 1 трлн теңге жеңілдетілген несие бөлінді. Бес жыл бұрынғы бөлінген қаржыдан 10 есе көп.

Осы күзде «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі мерзімінен бұрын іске қосылды. Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы. Бірнеше айда осы жолмен қосымша 6 миллион тонна жүк тасымалданды. Қазір «Мойынты – Қызылжар» бағытында теміржол салынып жатыр.

Сосын 33 зауыт іске қосылыпты. Ал 2019 жылдан бері 1289 мектеп салынған. Шетелдің 33 университетінің филиалы ашылды.

Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты. Елді мекендерде 646 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. 32 аудандық аурухана жаңғыртылып жатыр.

Президент осы аптада Астанадағы Инклюзивті спорт орталығында болғанын айтып, ондай орталықтарды барлық аймақта салу қажеттігіне тоқталды. Осылай болмай отырғанын «Бұл әкімдердің жұмысындағы олқылық» деп сипаттады.

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына тоқталды. Биыл елімізде 335,6 миллион тал егілді. Бар жағынан таза болудың мәні рас, зор. Жалпыұлттық қозғалысқа айналдыру идеясының тамыры түсінікті. Тура да, ауыспалы да мағынасында тазалық ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналуы тиіс.

Қ. Тоқаев 2025 жылды өрлеу жылы деп бағалайды. Бұл – адамдардың қаншама қиындыққа қарамай адал еңбек етіп, әрқайсының өз отбасы мен қоғам/мемлекет дамуына қосқан үлесінің жиынтығы, әрине. Мектеп оқушыларының, бүкіл қарапайым еңбек адамдарының, мұғалімдер мен дәрігерлердің, спортшылардың, бәрінің. Ал дәл қазір қиындық деген, бір ауыз сөзбен айтқанда, қымбатшылық.

Президенттің «Үкімет пен Ұлттық банк өзара келісе отырып, қазіргідей күрделі, тіпті, ерекше жағдайда академиялықтан және әсіресақтықтан ада, нақты шешім қабылдауы қажет» дегенді тағы қайталағаны содан.

Ал цифрлық елге айналу мұраты – өркениет жолынан шығып қалмау. Ілесе алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді, деді.

Аптада мемлекет басшысы Астананы дамытуы жөнінде жиын өткізген. Тұрғын үй құрылысы 5 миллионға жуық шаршы метрді құрайды. Бұл елімізде пайдалануға берілген баспананың төрттен бірі. Қала бюджетіне 4,3 триллион теңге салық түскен. Биыл жалпы өнім көлемі 34, тіпті, 35 миллиард доллар (17 триллион теңге) болады деген болжам бар.

Қалған проблема майда-шүйде деген емес. Әсте олай емес. Қаланың шеткері жақтарын да жарқыратып қою, қоғамдық көлік, автотұрақтар, кептеліс, су, энергия тапшылығын туғызбау, тағысын тағы. Дегенмен ешқашан әкім мақтамайтын адамдар осы әкімді «шаруа адамы» деп айтып жүр. Президент:

«…Жеңіс Қасымбекке қарап, әкімдерден менің не қалайтынымды, не талап ететінімді нақты түсіндім», – деді.

Ал биылғы сыртқы саясат тақтасындағы жүрістерге бөлек тоқталамыз. Себебі испанша айтқанда Perfecto, ал италянша Perfetto


Бөлісу