Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған қаржы тиімсіз жұмсалып жатыр
Қазақстандық кей компаниялар мемлекеттік көмекті жылына бірнеше рет алып келген. Есесіне адал қызмет етіп, уақытылы салық төлеген бизнес өкілдері мұндай қолдаудан қағылып отырды. Бүгін Мәжілісте кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына жүргізілген аудит нәтижесі талқыланды. 14 материал құқық қорғау органдарына жіберіледі. Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін 105 материал жолданды. Оңғар Алпысбай толықтырады.
Еліміздегі шағын және орта бизнес 4,4 млн адамды жұмыспен қамтып отыр. Соңғы 6 жылда кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан 4,5 трлн теңге көмек көрсетілген. Алайда бұл сектордың экономикадағы үлесі керісінше төмендеп кеткен. Оның негізгі себебі қазынадан бөлінген қаржы бей-берекет жұмсалған дейді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
Елімізде көрсетіліп жатқан шаралардың әсерін бағалау әдіснамасында айқындық жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің тәсілдері бір бөлек, салалық органдардың тәсілдері бір бөлек. «Әлеуметтік» және «экономикалық» әсер деген ұғымдар нақты емес. Мысалы, Павлодарда іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 млрд теңгеге инженерлік желілер тартылған.
Елімізде кәсіпкерлерге қаржылай қолдау көрсететін бірнеше институт бар. Олардың жұмысы ортақ базаға біріктірілмеген. Бизнес өкілі бір жылда бірнеше оператордан қолдау алып отырған.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
«Терра» ЖШС-іне 19 қолдау құрал арқылы 10 жыл бойы 17 млрд теңге сомасында үздіксіз қаржылық қолдау көрсетілген. «Актеп» ЖШС-іне 13 қолдау құрал арқылы 10 жыл бойы 11 млрд 679 млн теңге сомасында қолдау көрсетілген. Сондықтан бір субъектіге қайта-қайта бірнеше мемлекеттік қолдауды көрсетуді тоқату керек. Басқа да алам деп отырған кәсіпкерлік субъектілері бар.
Жиында әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысы да сынға алынды. Үйлестіру жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен ұйым қаржыландыру функциясын қоса атқару - бұл заңға қайшы. Мәселе реттелсе бәсекелестік орта қалыптасып, бизнестің дамуында серпіліс болады дейді мамандар. Депутаттар Үкімет мүшелерінің алдында нақты дәлелдер келтіріп, бірқатар жекелеген мәселені де көтерді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Мемлекеттік қолдау жұмыс орындарын құрып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, отандық өндірісті нығайтуға ықпал етуі қажет. Бүгінгі жоғарғы аудиторлық палатаның ұсынымдары мен депутаттар айтқан барлық ұсынысты Үкімет назарға алуға тиіс.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Мемлекеттің бизнесті қолдау жүйесі ауқымды болғанымен аудит оның тиімділігі төмен екенін көрсетті. Ашықтық пен бірыңғай саясат жоқ. Жүздеген миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Жоғарғы аудиторлық палата анықталған олқылықтарды бақылауға алатынын, ал жауапты органдар көп ұзамай бәрі түзелетінін айтты. Нәтиже уақыт өте белгілі болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы