Басты Жаңалықтар Бүгін Бауыржан Момышұлының туған күні

Бүгін Бауыржан Момышұлының туған күні

Бүгін қазақтың қайсар ұлдарының бірі, екінші дүниежүзілік соғыста асқан ерлігімен ел есінде қалған Бауыржан Момышұлының туған күні. Даңқты жауынгер жайлы әртүрлі аңыздар мен әсерлі  оқиғалар аз емес. Оның  әскери тактикасы мен сарбаз психологиясын терең танып білуі шетелдік қолбасшыларды да таңғалдырған еді. Осыдан 115 жыл бұрын Жамбыл жерінде дүниеге келген тарихи тұлғаның жанкештілігі бүгінгі ұрпаққа үлгі.

Ол 207 рет ұрысқа қатысып, 5 рет  сарбаздарын ажал құрсауынан аман алып қалған. Батырдың әскери тактикасын, Куба, Израиль сынды әлем елдері әлі күнге дейін оқытады. Ол  «Бауыржан серіппесі». Стратег қолбасшы шегінгендей болып, орағыта отырып қайта шабуылдайды. Жау жеңісін тойлап жатқанда тұтқиылдан тап береді.

Момышұлы батальон командирінен дивизия командиріне дейін көтерілген қазақ. Ұрыс заңдылықтары мен принциптерін толық танып игерген, сарбаз ішкі күйін терең түсінген дарын иесі. Сондықтан тұлғаның тәжірибесі, ақыл-ойлары  тәуелсіз Қазақстанның әскери доктринасын жасақтағанда да негізге алынды.

Қайсар Мұғалов, ҚР Ұлттық Қорғаныс университетінің оқытушысы:

Қол астындағы жауынгерге құдіретті сөзін қолдана білді. Әскердің, жауынгердің моральдік психологиялық жағдайын өте жақсы түсінді. Сөз құдіретінің арқасында жауынгерлік рух беріп тәрбиелеген. Атамыздың тактикасы испан, еврей тіліне аударылды. Финлияндияда мен Кубада оқытылды.

Сұм соғыс, жетім сәби,  жесір әйелдің тағдыры талай шығармаға арқау болғаны белгілі. Бауыржан Момышұлы осы көзімен көргенді, сөзімен өріп майдангерлік әдебиеттің қалыптасуына ықпал етті. Елге оралған соң қаруды қаламға айырбастап, қара сөздің сардары атанды. Оның «Ұшқан ұясы» қоңыр тірлік кешкен қазақы отбасыдағы тәлім-тәрбиенің жарқын бейнесі-дейді әдебиеттанушылар.

Нұрдәулет Ақыш, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, жазушы:

Сонда Баукеңді біз басқа қырынан көреміз. Нағыз жазушы. Майдан деген сөз жоқ. Онда өзінің балалық-шағы туыстарын суреттейді. Бірінші суреттелетін әжесінің бейнесі әрі қатал әрі қазақи рухты ұстай білетін адам екенін көрсетеді. Мейірбандылық және баланы дұрыс тәрбиелеу. Соған қатты мән берген. Бүгінгі біздің әжелеріміз немерелерін қарауға мұршалары да жоқ. Соған бұл үлгі.

Қажырлы азаматтың мылтықсыз майданда да мүлт кеткен жері жоқ. Соғыстан соң да биік тұғырынан түспеді. Александр Бектің «Арпалыс» туындысы тұлғаның болмысын тануға сеп болды. Ал 60-жылдардың басында өзі жазған  «Мәскеу үшін шайқас» шығармасы шет тілдеріне аударылғаннан кейін Момышұлы шынында әлемдік тұлғаға айналды.  Қазақ деген ұлттың ержүрек халық екенін жаһан жұртына танытты.


Бөлісу