Басты Жаңалықтар Салықтан суға дейін: Биыл Мәжілісте қабылданған негізгі заңдар

Салықтан суға дейін: Биыл Мәжілісте қабылданған негізгі заңдар

Мәжіліс биыл қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша бірқатар заң қабылдады. Лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен  күрес күшейіп,  қыз алып қашқандарға жаза қатаңдатылды. Бұдан бөлек, тағы қандай құжаттар мақұлданды?

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

МӘМС-пен қамтылмаған азаматтардың енді ақысыз онкология бойынша скрингтен өту мүмкіндігі бар. Әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылмаған 3,5 млн азамат бар.

Самал Қабышева, тілші:

Медицина кітаптан оқытып отыратын сала емес. Практика да, теория да қатар жүруі тиіс. Сондықтан оқыту тетігін жіті жетілдіруіміз керек деген депутаттар заңға тағы бір өзгерту енгізді. Жаңа заң жобасына сәйкес енді ғылыми-зерттеу институттары резидентура бойынша оқыту құқығына ие болады.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Рақымшылық. Соңғы жасалған ең ауқымдысы осы. 15 мыңнан астам адамды қамтиды.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Заңдардың ішінде өзекті, қажеттілігі жоғары қандай заң бар десе, мен айтар едім ол - Су кодексі. Бұрынғы Су кодексі тұтынуға арналған еді, ал бұл үнемдеуге арналған.

Бұл - Парламент қабырғасында қабылданған, халықтың ең көп талқылауында болған заңдардың бір парасы. Мәселен, жаңа Салық кодексі. Жаңа жылдан бастап күшіне енетін құжаттағы заңға сәйкес, енді кім көп табыс тапса, сол салықты көбірек төлейді. Ал табысы төмен азаматтар үшін елеулі жеңілдіктер қарастырылған.

Самал Қабышева, тілші:

Төтенше жағдайлар қызметкерлеріне көтерме және тұрғын үй жәрдемақысы төленеді. Яғни, құтқарушылар да тұрғын үй төлемдерін алады.
Енді кез келген адамның келісімінсіз оның эмоциясына, мінез-құлқына жасанды интеллектінің көмегімен талдау жасауға тыйым салынады.
Жұмысшының өзі кінәлі, техникалық талаптарды сақтамады. Енді өндірістік жарақат алған жұмысшыға осылай бар кінәні артып, өтемақысынан қағуға жол берілмейді. Яғни, жұмысшы кінәлі болса да, оның жауапкершілігі 25 пайыздан аспайды.
Енді несие мерзімінен бұрын өтелсе, сақтандыру сыйақысы 5 жұмыс күннің ішінде төленуі тиіс. Сондай-ақ кез келген қазақстандыққа 1 сағат ішінде бірнеше несие рәсімдеуге тыйым салынады.

Биыл қабылданған әр заң – қоғамның күнделікті өмірін жеңілдетуге, қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған нақты қадам. Сондықтан еліміздің дамуы мен халық мүддесі жолында аянбай еңбек ете береміз дейді Мәжіліс депутаттары.


Бөлісу