Басты Жаңалықтар Енді кімдерге несие берілмейді?

Енді кімдерге несие берілмейді?

Алдағы жылы несие беру рәсімдері қалай өзгереді? Табысқа қарай қарыз коэффициенті деген критерий енгізілген. Қазір міндетті емес. Жаңа жылдан бастап міндетті.

Ұлттық банк «тұтынушылық несиенің қарқынын бәсеңдету үшін» деп түсіндірді. Қарыз шұңқырына түсуді азайтудың бір амалы. Қарызын уақытында өтей алмай жүргендер 2 млн-ға жуық.

Қарыз көлемі – 1,5 трлн теңге. Құмар ойындардың құлы, мән мен мағынасы шамалы тауар сатып алушылар туралы әңгіме бөлек. Біздің айтпағымыз әлеуметтік жағдай.

Азық-түлік пен базалық қажеттіліктер бойынша қарыз рәсімдеген борышкерлер аз еместігі белгілі. Сонымен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлемейтіндерге несие бермеу ұсынысы айтылып жатыр.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Еңбекке жарамды 9,2 млн адам болса, соның 8,3 миллионына несие рәсімделген екен. Сол 8,3 млн-ның 55-60 %-ы  төлемдерін 90 күннен асырып алып жатқандар.

Иә, экономистер айтпай-ақ, тапқан табысын түгел дерлік несиеге төлеп, тіпті азық-түлігін кредитке алып, күнелтіп отырғандардың есебі де аз емес. Екінші жағынан, кейбір азаматтар үшін қарызбен күн көру дағдыға айналып барады.  

Берік Бейсенғалиев, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Бір адам 52 несиеге дейін алған. Ол  дұрыс емес. Біздің мақсатымыз – халықтың қаржылық сауатын көтеру. Жалақыға шектеулер қоймасақ, сонымен көп әуестеніп кететіндер де болуы мүмкін. Бәрін несиеге алады. Оның бәрін қайтару керек қой.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Бұлай жалғаса берсе халық қарыздың қамытынан құтыла алмайды. Сондықтан мемлекет енді оңды-солды несие беретін банктерге бірқатар талап қойып отыр. Соның бірі - «қарыз жүктемесінің коэффиценті». Бұл дегеніміз енді банк қарыз алушының табысын растамай, несие бере алмайды. Шама-шарқына қарайды. Тұрақсыз, бейресми табыстарды есептемейді. Нақты кірістің кредитке кететін мөлшеріне шек қояды. Мәселен, алатын айлығыңыз 200 мың теңге болса, сіздің кредитіңіз шекті мән 0,5-тен, яғни жалақыңыздың жартысынан аспауы қажет. Ал несиені кешіктіріп төлейтіндер үшін бұл көрсеткіш жалақысының 4-тен бір бөлігіне тең.

Асан Ахметжан, ҚР Ұлттық Банкі баспасөз қызметінің басшысы:

Халықтың қарыз алу көлемі тез өсіп жатқандықтан, қарыз алушының кірісіне қарыз коэфиценті бойынша міндетті норматив енгізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұл халықтың шамадан тыс қарыз алуының алдын алуға және қаржылық тұрақтылыққа төнетін қауіпті сейілтуге бағытталған шара. 

Экономистердің болжамынша шекті мән тіпті 0,3-ке дейін де түсуі мүмкін.

Айбар Олжай, экономикалық шолушы:

0,5-тен 0,3-ке түсіру бойынша ұсыныстар бар. Олай болуы да мүмкін. Сол кезде адамның ортақ табысы барлық шығынды алып тастағандағы ақша, соның 30 пайызы ай сайынғы төленетін кредитін жабуы тиіс. Сол кезде ғана ол адамға несие беріледі. Шамамен бұл адамдардың 40 пайызының несие ала алмауына белгілі бір деңгейде әсер етеді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің есебіне сүйенсек, қазақстандықтардың 10 пайызы несиені азық-түлік сатып алуға, 10 пайызы тұрғын-үйді жөндеуге, 20 пайызы ұзақ мерзімді тұтыну тауарларын алуға жұмсайды. Бірақ, сол қарызды алуын алып, қайтара алмай жүргендердің де саны аз емес. Берешегі 90 күннен асқан борышкерлердің тізімі 2 млнға жеткен. Қарыз көлемі 1,5 трлн-нан асады.

Берік Бейсенғалиев, Парламент мәжілісінің депутаты:

Бізді алаңдататыны – соның ішіндегі несиені алып дер уақытында қайтара алмай жатқан адамдардың  деңгейінің көптігі. Бір бөлігі қаржылық сауатының төмендігі. Екіншіден, күнде алып жатқан жалақысы ай сайын өзінің шығып жатқан шығыстарына жетіңкіремей соны несиемен жауып жүргендер. 

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Енді қарызы өтелмеген осындай азаматтарға да талап күшейді. Банк тарапынан жаңа несие мүлдем берілмейді. Бұрын шешім қабылдау - әр банктің құзырында еді. Дегенмен бұрынғы қарызынан құтылу үшін қолдау көрсетіледі. Мәселен, кредит проблемалық болып танылса, өсімін есептеуге тыйым салынады. Мұндай жағдайға түскендерге енді «қаржылық омбудсмен» тегін көмек көрсетеді.

Берік Бейсенғалиев, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Қаржылық омбудсмен банктер мен қарыз алушының атынан сөйлесіп, жаңадан кесте шығарып, сол кісінің жағдайына қарай, сіздерге осынша төлей алады деп несиенің уақытын созып береді.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Тағы бір жаңашылдық – «шешім қабылдау кезеңі» енгізілді. Кейде бұл термин «салқындату режимі» деп те аталады. Мәселен, сіз 590 мың теңгеден астам онлайн кредитке өтініш берсеңіз, ол бірден түспейді. 8 сағат күтесіз. Ал көлемі миллионнан асса, 24 сағаттан кейін ғана рәсімдеуге рұқсат.

Еділ Жаңбыршин, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Несие алардың алдында арнайы уақыт беріледі. Сол уақыттың ішінде ол несиені алмауға да құқы бар. Сол мезетте басы айналып, алдаушылардың арбауына еріп кетуі мүмкін. Сондықтан уақыт беріп, рәсімдеуіне сондай паузалар да енгізілген.

 Олжас Рамазанов, Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы:

Банктік қарыздар үшін 255 АЕК, микрокредиттер үшін, 75 АЕК асатын онлайн қарыздар үшін 24 сағатты құрайтын шешім қабылдау кезеңі енгізілген. Сондай ақ 150 АЕК қарыздар бойынша 8 сағаттық шешім қабылдау кезеңі көзделген. Сонымен бірге бүкіл банкке бір уақытта өтінім беру мүмкін емес. Біреуінің жауабы белгілі болса ғана, келесі банк қарастырады. Ал алғаш рет кредит алатындар банкке барып, биометриялық сәйкестендіруден өтуі тиіс.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Сондай-ақ банктер несие берер алдында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасын төлемейтіндердің тізімін де ескереді. Егер клиенттің МӘМС бойынша берешегі болса, онда ол азаматтың несие тарихы нашар деп бағаланады.

Берік Бейсенғалиев, Парламент Мәжілісінің депутаты:

МӘМС-ке не болмаса  зейнетақы төлеміне төлейтін қаражатыңыз болмаса ол сіздің жалақыңыздың жоқтығын көрсетеді. Тұрақты еместігін көрсетеді. Ондай болатын болса несиені шегеру керек.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Алаяқтардан қорғану үшін несие алудан алдын-ала бас тарту тетігі, алатын несиеңіздің көлемі 3,6 миллион теңгеден көп болса, жұбайыңыздың рұқсаты қажет деген нормалар бұған дейін енгізілгенін білесіздер. Экономистер, мұндай қатаң талаптар 10 жыл бұрын енгізілгенде халық қазіргідей қарызға батпас еді, - дейді. Бүгінде елдегі еңбекке белсенді азаматтардың екінші деңгейлі банктерден алған несиесі 25 трлн-ға жеткен.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, мемлекеттің 1 жылға қажетті шығындарының көлемі 24-25 трлн теңге. Яғни мемлекеттің бір жылғы шығыны мен халықтың банк алдындағы қарызы бірдей болатын кезде ол әлемдік тәжірибеде дабыл қағатын дүние. 

Сондықтан екі жыл бұрын Президент банктерге экономиканың нақты секторына, яғни бизнеске кредит беріп, халықтың шамадан тыс кредит алуын азайтуды тапсырған еді.

Айбар Олжай, экономикалық шолушы:

Банктерде өтімділік бар, бірақ олар адамдарға бергенді жақсы көреді. Адамдардан көп пайда табады. Бизнеске кредит беру қиын. Себебі бизнесті қарап, есептеу керек. Бизнес қалай жүріп жатыр, тәуекел көп қой.

 «Банктер туралы» заң қазір Сенаттың қарауында жатыр. Басты принцип - банктердің де әділ салық төлеуі.

Айбар Олжай, экономикалық шолушы:

Банктерге 2026 жылдан бастап, корпоративті табыс салығы 20-25 пайыз дәл осы халыққа берген кредиттерге 25 пайыз табыс салығы салынады. Себебі, мемлекет көріп отыр. Банктер ауадан мұндай көп ақша табатын болса, салықты көбірек төлесін.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

Несие беру тоқтамаса, тұтыну да азаймайды. Тұтыну көп болса, инфляцияны да төмендету қиын. Сондықтан бұл бір жағынан қымбатшылықпен күресудің амалы,- дейді экономистер. Ал шын мәнінде кредит өмір сүрудің басты құралы болмауы тиіс екенін халықтың көпшілігі түсінбейді емес, түсінеді. Бірақ, оның ар жағында айлықтың аздығы, жұмыссыздықтың шеті көрінеді.

Бөлісу