Басты Жаңалықтар Қазақстан Иранға қосымша $200 млн тауарын тасымалдауға дайын

Қазақстан Иранға қосымша $200 млн тауарын тасымалдауға дайын

Қазақ тарихы үшін құнды, көне қолжазбалар елімізге әкелінді. Анығын айтқанда Президент Масуд Пезешкианның ресми сапары аясында Иран мемлекеті жеке мұрағаттарынан осындай сый жасап отыр. Бүгін Ақордада қос ел ауқымды келіссөз жүргізді. Тұран мен Парсының тамыры терең тарихи байланысын қос ел бүгінгі қызу сауда-саттықпен жалғастыруды көздейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Иранға қосымша 200 млн доллардың тауарын сатуға әзір екенін айтып, ұсынысын білдірді. Санкция қысымында жатқан елмен алыс-берісті қалай арттырамыз? Шерхан Жамбылұлы жалғайды.

Плюс 15-тен минус 25-ке. Мамыражай Тегераннан келген меймандарды Астана қытымыр аязымен қарсы алды. Қыстың суығына қарамастан ирандық делегацияның көңіл-күйі көтеріңкі. Ауа райы жылышырай келіссөздер ауанына кедергі келтірмеді.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Бұл Масуд Пезешкианның Президент ретіндегі Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Жоғары лауазымға ол былтыр жазда сайланған. Астанаға ат басын бұруы да тегін емес. Парсы елі – Қазақстанның Орта Шығыстағы сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі. Бүгін қос ел байланысының кең көкжиегін қамтитын бірқатар мәселе талқыланбақ.

Ресми рәсімнен кейін президенттер шағын құрамда бас қосты. Негізгі тақырып – алыс-беріс. Қазақстан Иранға қосымша 200 млн доллардың тауарын тасымалдауды ұсынды. Тегеранда еліміздің сауда үйін ашу жоспарланып отыр. Ал Иран кәсіпкерлері Алматы облысында ірімшік зауытын, Батыс Қазақстанда  мал терісін өңдейтін комбинат ашпақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екі елдің дипломатиялық қатынас орнатқанына 33 жылдан асты. Осы кезеңде тығыз мемлекетаралық ынтымақтастыққа қол жеткіздік. Сындарлы саяси диалог құрдық. Үкіметаралық экономикалық комиссия белсенді жұмыс атқаруда. Парламентаралық байланыс жолға қойылды. Ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты, елуден астам келісім жасалды.

Масуд Пезешкиан, Иран Президенті:

Сіздің еліңізбен ынтымақтастық біз үшін өте маңызды. Үкіметаралық, ведомствоаралық ықпалдастық жолға қойылған. Көптеген халықаралық және аймақтық мәселелер бойынша қос мемлекеттің ұстанымы ұқсас. Сонымен қатар Иран Ислам Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында жасалған еркін сауда келісімі екі елдің сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтуге берік негіз қалайды.

Иран қазақ тарихына қатысты құнды қолжазбаларды ала келді

Меймандар құр қол келген жоқ. Қазақ тарихынан сыр шертетін құнды қолжазбалар ала келген. Ол 18-19 ғасырлардағы еліміздің қоғамдық-саяси оқиғаларынан хабар береді. Президент бұл жәдігерлерде бұрын біз білмеген тарихи деректер бар екенін айтып қалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ұсынылған 27 қолжазбада Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, көрші елдермен қарым-қатынасы, аймақтағы бәсекелестік, Түркістанның саяси-экономикалық жағдайы, Ресей патшалығының қазақ аймақтары мен хандықтарына қатысты әрекеттері туралы сараптамалар бар. Сондай-ақ қазақ даласында көмір, темір, мыс, қорғасын және бирюза кеніштерінің табылып, оларды өндіру мәселесі сипатталған. Өте қызықты деректер бар, Сізге көп рақмет, Президент мырза!

Тек тарих емес, тілімізде де ортақ сөздер көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ғалымдар тілдік қорымыздағы парсы сөздерінің үлесі 4 пайыз деп санайды. Олардың арасында: астана, пайда, көрпе, дәурен, дәрі, дәрумен, аула, ораза және тағы басқа сөздер бар. Бүгінде Иранның солтүстігіндегі Гүлстан провинциясының Горган, Бандар-Түрікмен және Күмбед-Кавус қалаларында 5 мыңнан астам қазақтар тұрады.

Қазақстан мен Иран 8 құжатқа қол қойды

Иә қос ел байланысы бұрыннан орнаған. Президент Тәуке хан мен шах Сұлтан Хусейн арасында тығыз қарым-қатынас болғанын еске салды. Ал қазір мемлекеттерді алып айдын Каспий теңізі жалғайды. Біраз алыс-беріс те сол арқылы жүріп жатыр. Көлік-логистика саласында мол мүмкіндік бар. Президент Бандар-Аббас қаласындағы теңіз портынан Қазақстанға жер телімі берілгенін айтты. Иран біз үшін Оңтүстік Шығыс Азия мен Африкаға шығатын негізгі «қақпа» бола алады.

Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:

Ирандағы теңізге жататын порттар Джавахар және Бандарабас сол порттардың бәрін пайдалану керек. Орта Азиядағы елдер үшін Орта дәліз, Оңтүстік-солтүстік дәлізін пайдалануға жол ашылады деп есептейміз.

Иран – тарихы бай, алып ел. Ежелгі өркениет ошағы, алып империялардың мұрагері. 90 миллионнан астам халқы бар. Бірақ қазір батыспен арасы шым-шытырық. Санкция шырмауынан шығалмай келеді. Дегенмен өндірісі қуатты. Әлемдегі ірі 20 экономиканың қатарында. Биыл екі елдің сауда-саттығы 360 млн долларды шамалаған. Тараптар бұл санды 3 млрд-қа жеткізуді көздеп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Өткен 10 айдағы сауда-саттық көлемі былтырмен салыстырғанда 40 пайызға артты. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті арттыра түсуге келістік. Бұған әлеуетіміз толық жетеді. Инвестиция – ұзақ мерзімге арналған серіктестік кепілі. Қазақстанда 700-ге жуық Иран компаниясы бар. Бұл компаниялар негізінен өнеркәсіп, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы салаларында жұмыс істейді. Қазақстанның іскерлік қауымдастығы да Иран экономикасына инвестиция салуда.

Қазақ экспортының дені – астық. Мысалы, былтыр 500 мыңнан астам тонна арпа жеткіздік. Оның көлемін бірнеше есе көбейтуге мүмкіндік бар.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Жалпы 350 млн тауар айналымы екі мемлекеттің арасында болса, соның 280 млн-ы ауыл шаруашылығына байланысты. Арпаны, бидайды алып жатыр, басқа да дақылдарды алып жатыр. Жұмыс жүріп жатыр. Мен ойлаймын 2 млн-ға жеткізуге біз дайынбыз. Бидайымыз бар. Екі жыл бойы рекордтық егін жинап алып жатырмыз. Бізге сол нарықтарды сақтап қалу керек.

Екі ел басшылары мәдениет күндерін өткізу, жоғары оқу орындары арасында студент алмасуды жандандыру, медициналық ұйымдар мен фармацевтикалық өндіріс орындары арасында серіктестік орнату жөнінде уағдаласты. Халықаралық мәселелер де негізгі тақырыптың бірі болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қарулы қақтығыстардың, санкциялық қысымдар мен сауда соғыстарының ушыға түскеніне алаңдаушылық білдірдік. Халықаралық ұйымдардың беделі төмендеп кеткеніне қатысты ой бөлістік. Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін күшейту, оның қарарлары мен жарғыларын қатаң сақтау, халықаралық құқық үстемдігін ілгерілету және әділдік қағидаттарына берік болу туралы ортақ ұстанымға келдік. Біз барлық текетірестер мен жанжалдарды дипломатиялық келіссөздер арқылы бейбіт жолмен шешу қажет екенін атап өттік.

Масуд Пезешкиан, Иран Президенті:

Иран Орталық Азия өңірімен тату көршілік қарым-қатынасқа айрықша мән береді. Қазақстан – аймақтағы маңызды серіктесіміз әрі Каспий теңізі арқылы шектесетін көршіміз. Біз көптеген бағыттағы атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, өндіріс, тау-кен, көлік-логистика, ғылым, мәдениет, жаңа технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды талқыладық. Келіссөздердің нәтижесін таяу келешекте көреміз деп ойлаймын. Халықаралық мәселелер бойынша екі елдің ұстанымдары ортақ.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ мәдениет, денсаулық, көлік, дипломатия саласында 8 құжатқа қол қойылды.

Қазақстан Президенті екі ел арасындағы кеңейтілген серіктестікті нығайту ортақ мүддеге сай екенін айтты. Тараптар достыққа негізделген қатынастарды одан әрі тереңдетуге дайын екенін мәлімдеді.


Бөлісу