Әлем жаңалықтарына шолу
АҚШ-тың Флорида штатында Вашингтон мен Киев соғысты тоқтату жөнінде келіссөз жүргізді. Екі тарап та кездесудің өнімді өткенін, бірақ алда атқарылатын іс бар екенін мәлімдеді. Бейбіт жоспарды талқылау үшін бүгін Мәскеуге президент Дональд Трамптың арнайы өкілдері аттанады.
Жексенбі күні Қырғызстанда кезектен тыс парламенттік сайлау өтті. Алдын ала мәліметке қарағанда, оның нәтижесінде президент Садыр Жапаровтың жақтастары Жоғарғы Кеңестегі орындардың басым бөлігін жеңіп алған.
Оңтүстік-Шығыс Азияда су тасқыны мен лай көшкінінен қаза тапқандары саны 700-ге жақындап қалды. Құрбандардың 500-ден астамы – Индонезия тұрғындары, 176-сы – таиландтықтар, тағы бірнешеуі – малайзиялықтар.
Гонконгта құрылысқа сапасыз материал қолданды деген күдікпен 13 адам тұтқындалды. Ал тұрғын үй кешеніндегі өрттен қаза тапқандар саны 151-ге жетіп, 40-тан астам адам жоғалып кеткен.
Болгария 2026 жылы қаңтардың 1-де еуроға көшеді. Алайда ел халқының жартысы қымбатшылықтан және тәуелсіздікке қол сұғылудан қауіптеніп жаңа валютаға қарсылық білдіріп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы