Украина Қазақстанмен достық қатынасты сақтауға мүдделі
Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумына жасалған шабуылға байланысты мәлімдеме жасады. «Бұл оқиға халықаралық құқық нормаларымен қорғалатын азаматтық нысанға қарсы жасалған үшінші агрессиялық акті болып отыр. Жаһандық энергетикалық нарықтың жауапты қатысушысы ретінде Қазақстан энергия ресурстарын тұрақты әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуге ерекше мән береді. Сондықтан украин тарапы мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша нақты шаралар қабылдайтынын күтеміз» делінген ресми сайтта.
Ал Украинаның Сыртқы істер министрлігінің өкілі Георгий Тихий, бұған жауап берді. Оның айтуынша, Украина Қазақстанға қарсы әрекет жасамайды, соғыс қимылдары тек Ресейдің әскери әлеуетін әлсіретуге бағытталған және бұл БҰҰ Жарғысының 51-бабына сәйкес өзін-өзі қорғау құқығы аясында жүзеге асырылып отыр. Тихий Ресейдің агрессиясы – Қара теңіз аймағындағы негізгі дестабилизация көзі екенін атап өтті. Екі күн бұрынғы ресейлік жаппай ракета-дрон шабуылында бейбіт тұрғындар қаза тауып, Киев пен облыстың жүз мыңдаған тұрғыны жарықсыз қалғанын да еске салды. Киев Қазақстан халқына құрметін білдіріп, екі ел арасындағы достық қатынастарды сақтауға мүдделі екенін жеткізді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы