Басты Жаңалықтар Гонконгта алапат өрт кезінде жүздеген адам жоғалып кетті

Гонконгта алапат өрт кезінде жүздеген адам жоғалып кетті

Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасы Төрағасына көңіл айту жеделхатын жолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Гонконг қаласында болған алапат өрт салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Си Цзиньпинге және барша Қытай халқына көңіл айтты. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.

Гонконгта 7 көпқабатты үй өртеніп кетті. Өртпен күрес жалғасып жатыр. Соңғы мәліметке қарағанда, 300-дей тұрғын әлі табылған жоқ. Жергілікті полицияның болжамынша, оттың тез тарауына бірнеше жайт себеп.

Гонконгта алапат өрт құрбандарының саны 44-ке жетті. Тағы жүздегені жоғалып кеткен. Абайсызда адам өлтірді деген себеппен үш күдікті тұтқындалды. Олар – мұнда жөндеу жұмыстарын жүргізген құрылыс компаниясының жетекшілері мен инженер-кеңесшісі.

Қаланың солтүстігіндегі «Ван Фук Корт» тұрғын үй кешенін от шарпығаны жайлы алғашқы хабар сәрсенбі күні жергілікті уақытпен түскі сағат 2-ден 51 минут кеткенде түскен. Соңғы мәліметке қарағанда, қаза тапқандар мен жараланғандардың ішінде өрт сөндірушілер де бар.

Квок Кин Ман, Гонконг өрт сөндіру департаментінің жедел жәрдем басқармасы директорының орынбасары:

45 адамның жағдайы ауыр. Осы оқиға кезінде өрт сөндірушілер де зардап шекті. Олардың жағдайы тұрақты. Өкініштісі сол – бір маманымыз міндетін атқарып жүргенде қаза тапты.

Лапылдаған жалын кешендегі сегіз зәулім үйдің жетеуін жалмапты. Тілсіз жаумен күреске 700-ден астам адам тартылды. Қазір оттың қалған ошақтарын сөндіру және іздеу операциялары жалғасып жатыр.

Осы кешенде 40 жылдан астам тұрған куәгердің айтуынша, оның көршілері үйдің жанып жатқанын дереу білмей, эвакуация жайлы хабарды көршілерінен естіпті. Тағы бір айта кететін жайт – бұл кешенде негізінен қарт адамдар тұрған.

Гарри Чын, өртенген үйдің тұрғыны:

Сағат үшке таяғанда қатты шуды естідім. Содан кейін терезеден бесінші үйдің жанып жатқанын көрдім. Тездетіп төмен түстім, көршілерім өрт болып жатқанын айтты. Дереу артқа қайтып, заттарымды жинап далаға қаштым.

Яя Чань, өртенген үйдің тұрғыны:

Әрине жаман жағдайдамын. Мұнша үйдің өртеніп жатқанын көру оңай емес. Біреулер пәтерінің ішінде жанып жатыр. Ғимараттардың кейбіріндегі от сөндірілген сияқты. Бірақ мына от адам шошырлық екен.

Қазір трагедияның себебі анықталып жатыр. Жергілікті полицияның мәлімдеуінше, аман қалған жалғыз мұнараның әрбір лифтілік холлының терезесіне тез жанатын пенополистирол бекітілген. Неге екені белгісіз.

Эйлин Чанг, Гонконг полиция күштерінің жаңа аймақтық штабының өкілі:

Бәріміз сол пенопласты көрдік. Дәл осы материал оттың тұтанып, тез тарауына себеп болса керек.

Өрт жөнделіп жатқан 32-қабатты үйдің сыртындағы құрылыс сатысынан басталған. Сосын ол жақын маңдағы бамбук сатыны шарпып, ішке өтіп қана қоймай, қатты желмен көрші үйлерге жеткен.

Айта кетсек, Гонконгта бұдан да қатты өрт соңғы рет 1948 жылы болып, сол кезде 171 адам отқа оранған қоймада қаза тапты.


Бөлісу