Басты Жаңалықтар Табиғат жанашырлары бас қосты

Табиғат жанашырлары бас қосты

Жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған жабайы жануарларды, аң құстар мен өсімдіктер әлемін қорғау және оларды заңсыз саудалауға тосқауыл қою бүгінде аса өзекті. Бүкіл әлемді алаңдатып отырған тақырып Өзбекстанның Самарқанд қаласында басталған CITES CoP20 жиынында талқыға түсіп жатыр.
Базаркүл Отыншиева, тілші:
Самарқанд шахары дүниежүзіндегі табиғат жанашырларының басын қосқан үлкен алаңға айналып отыр. Бұл жиынға үш мыңнан астам қатысушы келген. Халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, ғылыми қауымдастық пен үкіметтік емес сектордың өкілдері бар. Қазақстаннан да делегаттар қатысуда.
2024 жылғы есеп бойынша әлемнің 162 елінде жануарлар мен өсімдіктердің 4000-ға жуық түрін заңсыз саудалау фактісі анықталған. Олардың 3 жарым мыңға жуығы CITES тізімінде. Осы сандарға қарап, адамзаттың жабайы табиғатты қорғау бойынша кешенді реформа жүргізетін уақыты келгенін аңғаруға болады.
Астрид Шомакер Биологиялық әралуандық бойынша БҰҰ конвенциясы хатшылығының жетекшісі:
Жойылу қаупі төнген жануарлар дүниесі өзекті мәселенің бірі. Антилопалар мен ақбас иттер, осы тектес көптеген аң құс жер бетінен мәңгіге жоғалды. Тек суреті мен экспонаттар қалды. Су мен азықтың тапшылығы, қаскөй аңшылардың әрекеті олардың түбіне жетті. Жан жануарлар экологияның ажырамас бөлігі, оларды қорғауды әлем болып назарда ұстауымыз қажет.
Ауқымды жиынға қазақстандық экологтар да қатысып жатыр. Еліміздің негізгі мақтанышы бөкендерге қатысты мәселе осы жолы биік мінберде көтерілді. Мамандар киік санын реттеудің ғылыми негіздемесін таныстырды. Осы құжат аясында бөкендерді тұрақты пайдалану тұрғысындағы ұсыныстар талқыланды.
Данияр Тұрғанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:
Біз киік популяциясын тұрақты пайдалану бойынша тұжырымдамамен келдік. 2019 жылы киіктердің айналымына нольдік квота белгіленген болатын. Тарихта ең көп болғаны 1200 бас болған қазір бес млн асты. Сондықтан ол тұрақты пайдалануға жатады. Ол үшін нольдік квотаны шешу бойынша өтініш бердік.
Жиында Орталық Азияны мекендейтін қар барысы, қарақұйрық, сұңқар мен дуадақ сынды аң құс түрлерін сақтау жайы айтылды. Заңсыз сауда мен браконьерлік фактілер көбіне трансшекаралық сипатта болады, шешімдер де соған сай болу керек. Бірлескен шаралар, жедел ақпарат алмасу, келісілген іс-әрекет қана нақты нәтиже береді, дейді қатысушылар. 12 күнге созылатын жиын тақырыбы жабайы табиғатты сақтауда әлем елдерінің күш-жігерін нығайтуға бағытталған.

Бөлісу