Басты Жаңалықтар Мәжіліс Құрылыс кодексін мақұлдады

Мәжіліс Құрылыс кодексін мақұлдады

Қазақстанда жаңа салынған кез келген үйдің кепілдігі 2 жылдан 10 жылға ұзарады. Бүгін Мәжіліс атышулы құрылыс кодексін екінші оқылымда мақұлдап, Сенатқа жіберді. Бұл – саладағы бейберекетсіздікті жүйелейтін ең көлемді реформа. Тұрғын үй тақырыбы көпшілікті алаңдататыны белгілі. Сондықтан депутаттар құжатқа 2 мыңнан астам түзету енгізген. Жаңа заңның тиімді тұстарын Ернұр Медет тарқатады.

Бұған дейін салынған мектеп, аурухана, тұрғын үйдің кепілдігі екі-ақ жыл болатын. Бес жылда құлаған мектептер, қабырғасы сөгіліп жатқан тұрғын үйлер – осы норманың салдары. Енді іргетас, қабырға, шатыр сияқты негізгі конструкциялар 10 жыл сақтандырылады. Сондай-ақ әрбір елді мекеннің егжей-тегжейлі жоспары ашық платформада жарияланып, тұрғындар тікелей пікір қалдыра алады. Қандай ғимарат қайда салынады бәрі көзге көрінеді.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұрын әкімдер өздері шешетін қайда, кімге жер береді, қалай болады. Барлығын енді тек қана қоғамды тыңдау арқылы бас жоспар 20 жылға, егжей-тегжей 5 жылға арнайы шектедік. Азаматтың тұратын жерінде 15 минутта жаяу жүргенде мектеп, аурухана, мәдениет спорт кешендері болуы керек.

2016 жылдан бері мемлекет құрылыс сапасын толық қадағалай алмады. Салынған нысанның 84%-ін жеке компаниялар өздері жобалап, өздері тексеріп, өздері қабылдап келген. Яғни «бір қолмен салып, екінші қолмен өзіне рұқсат берген» схемалар қалыптасты. Жаңа нормаларға сәйкес, мемлекеттің бақылау мүмкіндігі 16%-дан 40%-ға дейін ұлғаяды.

Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұрын нашар құрылыс салған компаниялар тізімін жасаймыз. Енді Алматыда бәрін алдап кеткен компания Астанаға келіп сала алмайды. Барлығы тізімде тұрады. Кезінде барлығына оңға, солға құрылыс компанияларына рұқсат беріп қойған. Қазір мемлекеттік бақылауға қайтып аламыз. Қайтып күшейтеміз.

Бүгінде сел, лай көшкіні, тектоникалық жарық сияқты аумақтарда жүздеген үй тұр. Бұған дейін зілзала болу қаупі жоғары аймақта 4 қабатқа дейін нысандар салуға рұқсат беріліп келген. Енді талап қатаяды. Сейсмологиялық карта арқылы ғылыми тұрғыда зерттелген қауіпсіз жерде ғана құрылыс жүргізіледі.

Нұрдәулет Егізеков, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ жобалық кеңсесінің басшысы:

Еліміздің 42 пайыздан астам аумағы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Ол шығыс,оңтүстік шығыс, оңтүстік өңірлер болса. Нақтысын айтқанда, Алматы қаласында тау бөктерінде адамдардың тұруына арналған, яғни өмір сүруіне арналған және де қауіпті өндірістік нысандарды салуға тыйым салу нормалары қарастырылып мақұлданған.

Құрылыс кодексі – өте ұзақ талданған, талқыланған заң жобаларының бірі.  Себебі сантараулы саланың шешілмеген түйіні көп. Енді заңды Сенат қолдап, Президент қол қойса, сапалы ғимараттың саны артады дейді, - депутаттар.


Бөлісу