Басты Жаңалықтар Әлем жаңалықтарына шолу

Әлем жаңалықтарына шолу

Вьетнамда бірнеше күн бойы жауын құйып, соңы алапат тасқын мен лай көшкініне ұласты. Соңғы мәліметке сай, 91 адам қаза тауып, 12 тұрғын жоғалып кеткен. Ел аумағында 186 мың үй зақымданып, 3 миллионнан астам мал қырылып қалды. Ал экономикаға келген шығын көлемі 300 миллион долларға жеткен.

Пәкістанның Пешавар қаласында бүгін үш жанкешті әскерилердің штаб-пәтеріне шабуыл жасады. Жарылыстан үш адам қаза тауып, тағы бесеуі жараланған. Лаңкестікті әзірге ешқандай топ мойнына алған жоқ. Өткен айда Пәкістан мен Ауғанстан күштері шекарада қақтығысқаннан кейін аймақта осындай шабуылдар жиілеп кетті.

Женевада Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде келіссөздер өтті. Басқосу қайта жалғаспақ. Украина мен Америка делегациясы Президент Дональд Трамп ұсынған бейбіт жоспарды талқылады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мәлімдегендей, жексенбідегі кездесу жемісті болып, «бейбітшілік жайлы жаңартылған құжат» дайын болды.

Мексикада монарх көбелектерінің қорығы ашылды. Бұл жерден сарғылт түсті миллиондаған қанаттыларды көруге болады. Монарх көбелектері Мексикаға жыл сайын Канада мен АҚШ-тан ұшып барады. Мексика үкіметінің мәліметінше, былтырға қарағанда жәндіктердің саны биыл 99 пайыз көбейген. Бұл елде қуаңшылықтың азаюымен байланысты болуы мүмкін.


Бөлісу