Қызылордалық оқушы смартфонға арналған бағдарламалық жүйе ойлап тапты
Қызылорда облысында 7-сынып оқушысы смартфонға арналған бағдарламалық жүйе ойлап тапты. Сандық технологияны меңгерген Нұрислам Айбекұлы өзінің жаңашылдығын келешекте ұялы телефонға орнатуды көздейді. Жас технократтың тың жобасымен тілшіміз Әділбек Серікұлы танысты.
Нұрисламның ІТ ілміне қызығушылығы жеті жасынан басталған. Дарынды оқушы сандық технологияның құпияларын жетік меңгерген. Әлемде кеңінен тараған «Android» бағдарламасын зерттеп, құрылымын жіліктеп шығыпты. Сөйтіп оған балама болатын жаңа операциялық жүйе ойлап тапты.
Нұрислам Айбекұлы, 7-сынып оқушысы:
Мен осы «Android» сияқты операциялық жүйе телефондарға арналған жобаны ойлап тапқанмын. Неге? Өйткені ол смартфондар вирустарға бейім және әлсіз. Сондықтан өзім операциялық жүйе істедім. Бұл - тез әрі қауіпсіз. Болашақта операциялық жүйені бүкіл телефондарға орнатқым келеді.
Жас технократтың жобасы жуырда ғана өңірде өткен «InnoFest» республикалық байқауында үздік ІТ бағдарлама деп танылды. 7-сынып оқушысының жаңашылдығы көпті тәнті етіп, мамандар оның еңбегін жоғары бағалап отыр.
Жанарыс Түбекбаев, «Kyzylorda Hub» орталығының жетекшісі:
Ол бағдарламауды өте жақсы біледі. Негізгі фундаментін меңгерген. Терминдерді және жұмыс жүйесін біледі. Сол себепті отандық өнім болғандықтан, отандық операциялық жүйе болғаны дұрыс.
Білімпаз оқушы Сырдария ауданындағы Шаған ауылында тұрады. Ата-анасы баланың бойындағы ерекше қабілетін ескеріп, қаладағы ІТ орталыққа жиі әкеліп тұрады. Мұнда ол өзінің бағдарламасын жетілдіріп, оны жүзеге асыруға мүмкіндігі мол.
Айбек Шәріпов әкесі:
Кішкентай кезінен бастап техникаға қызығушылығы болды. Қолдап, еңбегін бағалап жатқанына қуаныштымыз.
Әлемге әйгілі Илон Маск, Макр Цукербергтер мектеп жасынан бағдарлама жасап, бүгінде ІТ технологияның шыңына шыққан технократтар. Нұрислам да өзі ойлап тапқан бағдарламалық жүйені алдағы уақытта смартфонға орнатып, тәжірибеден өткізіп көрмек. Болашақта ол отандық ұялы телефон құрастырып шығаруды армандайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы