Қазақстан мен Ресей тауар айналымын $30 млрд-қа жеткізуге уағдаласты
Қазақстан мен Ресей екі ел үшін маңызды 10-нан аса құжатқа қол қойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары аясында қос тарап мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияны да қабылдады. Президенттер бұл келісімді тарихи деп бағалады. Мәскеуден Шерхан Жамбылұлы жалғайды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ресей. Аю таңбалы алып көрші Қазақстанның басты серіктестерінің бірі. Екі ел сан салада тығыз әріптестік орнатқан. Ынтымақтастық көкжиегін кеңейте түсетін тұстар да бар. Президенттер келіссөзінің ауқымы кең болмақ.
Сапарының екінші күнін Қасым-Жомарт Тоқаев әуелі өткенге тағзымнан бастады. Кремль қабырғасына бойлай орналасқан «Белгіссіз жауынгер бейітіне» гүл шоғын қойып, батыр бабаларға құрмет көрсетті.
Ал осы кезде Кремльде қарсы алу рәсіміне әзірлік
қызу жүріп жатты. Зал ортасына үлкен тулар қойылған. Журналистер жарыса ақпарат
таратып, министрлер құжаттарды пысықтап жатыр.
Президент сарайының алаңында құрмет қарауылы сап түзеген. Президенттер биыл бесінші мәрте кездесіп отыр. Саяси ұстаным ғана емес галстуктер де үйлесіп тұр.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Георгий залында қарсы алып жатыр. Бұл - Кремльдің басты залының бірі. Тарихи ғимарат. 19-ғасырдың ортасында салынған. Президенттер қол алысып, енді делегация мүшелерімен танысады. Мұнда қос елдің 50-ден аса лауазымды тұлғасы тұр.
Салтанатты рәсімнен кейін Президенттер екеуара әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Шақыртуды қабыл алған Владимир Путин екі ел арасындағы сауда-саттық тек ұлттық валюталармен жүріп жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ресей Федерациясымен барлық салада тығыз байланыс орнаттық. Шын мәнінде, мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастар – саяси сыпайылық үшін айтылған сөз емес, өзара ынтымақтастығымыздың мәнін ашатын сипаттау. Сондықтан өзара қарым-қатынасымызда ешқандай түйткіл жоқ деп сеніммен айтуға болады.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының президенті:
Қазақстан мен Ресей – жақын серіктес, достас әрі одақтас елдер. Бұл нақты істерден байқалады. Ресей – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің бірі және басты инвесторлар қатарында. Биылғы 9 айда сауда айналымы бұл көрсеткіш 20 миллиард долларға жетті. Көптеген ресейлік компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның бизнес өкілдері де Ресейде өз кәсіптерін ашып, белсенді жүргізуде.
Қос ел әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекарамен
шектеседі. Қазақстанның 8 облысы мен Ресейдің 12 аймағы көрші жатыр. Бұл өңірлерде
32 миллионнан аса халық мекен етеді. Ресей біздің ең ірі сауда
серіктестеріміздің бірі. Санкция салқынына қарамастан тауар айналымы табысты. Өсім
бар. Былтыр алыс-беріс 3 пайызға артып 28 миллиард долларға жеткен.
Президенттер бұл санды 30 миллиардқа жеткізу міндетіп қойып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тауар айналымын 30 миллиард долларға дейін арттыру міндетін қойдық. Менің ойымша, бұл қол жеткізуге болатын көрсеткіш. Таяу келешекте мақсатымызға орындалады деп ойлаймын. Білім саласындағы ықпалдастығымызды атап өткім келеді. Ресейдің 9 жоғары оқу орны, соның ішінде танымал университеттер Қазақстанда филиалдарын ашты. Бұл үшін Ресей Федерациясының білім саласы өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар Омбы университеті жанынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филиалы ашылды. Бұл да елеулі оқиға.
Көрші елдер Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі.
Яғни, нарық ортақ. Кедендік кедергі аз. Солтүстік көршіміздің 140 миллионнан
астам тұтынушысы бар. Көлік-логистика инфрақұрылымын дамытып, сауда-саттықты
арттыруға мүмкіндік көп дейді сарапшы.
Жұмабек Сарабек, саясаттанушы:
Ресей біздің әлемдік мұхитқа шығатын жолдағы бірден-бір өте маңызды дәліз. Әрине қазір Ресей экономикасына енгізілген көптеген санкциялардың нәтижесінде өзінің тиімділігін уақытша жоғалтып отыр. Бірақ стратегиялық перспективада біздің әлемдік мұхитқа шығатын жолымыз ол – Ресей. Одан кейін геосаясат тұрғысында аймақтағы қауіпсіздік саласындағы әлеуеті жоғары ойыншы. Біз аймақта ҰҚШҰ-ға мүшеміз. Осы ұйым шеңберінде мысалға Ауғанстан тарапынан немесе әртүрлі экстремистік күштерге төтеп беру бойынша Ресеймен ортақ жұмыстар жасалады.
Теріскейдегі тағдыр қосқан көршімізбен тату тіршілік ету Қазақстан мүддесіне сай келеді. Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына енді. Инвестиция көлемі 27 миллиард доллардан асты. Былтырдың өзінде ол 33 пайызға көбейіп, 4 миллиард доллардан асқан. Ал Қазақстан Ресейге 9 миллиард доллар инвестиция салған. Қазақстанда Ресейдің 20 мыңға жуық компаниясы жұмыс істеп жатыр. Бұл еліміздегі шетелдік бизнестің 40 пайызына жуықтайды.
Ортақ жоба жеткілікті. Елдер энергетикадағы ілкімді істерге екпін беріп отыр. Биыл «РосАтоммен» бірлесе біздің ел алғашқы атом станциясын салуға кірісті. Тараптар мұнай мен көмір, электр энергиясын өндіру және тасымалдау бағыттарындағы серіктестікті нығайтуға келісті. Шекаралас өңірлерді көгілдір отынмен қамту мәселелері де талқыланды.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
Біздің екі энергетикалық системамыз бірге жмыс істеп жатыр. Біз керек кезде тапшылық болған кезде энергия аламыз.
Енді Ресей мектептерінде қазақ тілі оқытылмақ. Нақтырақ айтқанда шекараға жақын Астрахан, Орынбор және Орск қалаларында Ресей-Қазақстан мектептері ашылады.
Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:
Ол жерде негізінен қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, домбыра, адал азамат тәрбие бағдарламасы және ұлттық спорт, ұлттық қолөнер білім бағдарламалырана енгізілген. Меморандумға қол қойдық. Бұл жерде басты мәселе қазақ диаспорасына өз тілін меңгеруге жағдай жасалған.
Қазақстан Тұран жолбарысының поппуляциясын қайта қалыпқа келтіру үшін күш салып жатыр. Келер жылы көктемде Ресейден 4 жыртқыш аң Қазақстанға әкелінбек.
Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:
Балқаш өңіріне жіберетін боламыз. Голланиядан екі жолбарыс алғанбыз. Бірақ олар вольерде тұрған. Ал бұлар жабайы табиғаттан. Адаптациядан өткен соң табиғатқа жібереміз.
Тараптар іскерлік байланыстардың жоғары деңгейін одан әрі қолдауға және бизнес жүргізуге қажетті жағдай жасауға уағдаласты. Осы мақсатта Экономикалық ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы қабылданды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың дамуына екі ел де мүдделі. Әлемдегі күрделі геосаяси жағдайда көрші елдермен тату болу аса маңызды. Қазақстан үшін басты құндылық – бейбітшілік пен тұрақтылық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы