Басты Жаңалықтар Шымкент пен Ресей арасындағы тауар айналымы 470 миллион доллардан асты

Шымкент пен Ресей арасындағы тауар айналымы 470 миллион доллардан асты

Шымкентте ресейлік капитал қатысқан өндіріс орындарының саны артып келеді. Былтыр шаһардың Ресеймен өзара тауар айналымы 470 млн доллардан асқан. Өңдеу өнеркәсібіндегі бірлескен жобалар арадағы экономикалық байланыстың негізгі бөлігін құрап отыр.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан еліміздегі баламасы жоқ өндіріс орындарының бірі өткен жылдың желтоқсан айында іске қосылған. Мұнда спанбонд негізіндегі тоқыма емес материалдар өндіріледі. Өнім медицина, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығында қолданылады. Жоба құны шамамен 5 миллиард теңгені құрайды. Өндіріс толық автоматтандырылған цифрлық жүйемен жұмыс істейді. Қазір мұнда 136 адам жұмыспен қамтылып, өнімнің 40 пайызы шетелге экспортталады.
Алексей Бунин, зауыт өкілі:

Кәсіпорын жылына 750 тоннаға дейін дайын өнім шығаруға қауқарлы. Құрылғылар Қытайдан әкелінді. Бұл мемлекет Ресейдің бұрыннан келе жатқан сенімді серіктесі. Бірлескен кәсіпорын үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау өте маңызды. Әсіресе арнайы экономикалық аймақтағы кәсіпкерлерге берілетін жеңілдіктер өндірістің қарқынды дамуына мүмкіндік береді.
Шымкент пен Ресей арасындағы экономикалық байланыс тек өндіріс жобаларымен шектелмейді. Былтыр өзара сауда көлемі 470 миллион доллардан асқан. Өңірге негізінен қара металл, құрылыс материалдары және азық-түлік өнімдері импортталады. Ал экспорт құрылымында тоқыма бұйымдары, сусындар мен керамикалық өнімдер басым.
Ермек Тұрманов, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
Ресей мемлекетінің қатысуымен қалада 2 инвест жоба жүзеге асқан өңдеу өренкәсібі саласында. Негізінен арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялды аймақтарға орналастырамыз. Корпоративтік табыс салығынан, жер, мүлік салығынан, шикізаттар мен материалдарға кедендік баж салығынан босатылған.
Жауаптылардың айтуынша, алдағы уақытта бірлескен өндірістік жобалар санын арттыру көзделіп отыр. Биыл қалада жалпы құны 68 миллиард теңгені құрайтын 28 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның басым бөлігі өңдеу өнеркәсібі саласына тиесілі.

Бөлісу