Басты Жаңалықтар Ақмола облысындағы пестицид зауытына қолдау қажет

Ақмола облысындағы пестицид зауытына қолдау қажет

Ақмола облысында жылына 50 миллион литрге дейін пестицидтер шығаратын ірі зауыт бүгінде толық қуатының тек 10 пайызын ғана қолданып отыр. Бар мәселе жоғары бәсекелестікте дейді отандық тауар өндіруші.

Өсімдіктердің күтіміне қажет өнімнің барлық түрін шығаратын еліміздегі ең ірі зауыт Степногорск қаласында орналасқан. 2011 жылы ашылған кәсіпорын алғашқыда пестицидтердің тек 6 түрін шығарса, биыл 50 түрін өндірген. Соның өзінде шетелдік бәсекелестерге төтеп беру қиын, дейді зауыт өкілдері.

Марина Сисенко, зауыт директорының орынбасары:

Келесі жылы өнімнің 68 түрін шығаруды жоспарлап отырмыз. Бізде 13 өндірістік желі бар, жылына шамамен 53 млн литр өнім өндіруге қауқарлымыз. Алайда қазір толық қуатымызды қолданып отырған жоқпыз. Себебі өндіріс көлемі тікелей сұранысқа байланысты. Нарық шетел өнімдеріне толы. Бірақ біз өз өніміміздің сапасына жауап береміз.

Зауыттағы дайын өнім тексерістің 4 кезеңінен өтіп барып, саудаға шығарылады. Бұл бағытта кәсіпорынның халықаралық аккредитациядан өткен өз өндірістік-зерттеу зертханасы бар. Өндіріс ошағында бүгінде 200-ге тарта адам еңбек етеді. Жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары әрі еңбегі жоғары бағаланады. Мәселен, өндіріс енді ашылғанда электромонтер болып қызметке тұрған Данияр Болыспаев Германияға барып біліктілігін арттырған. Қазір құты шығаратын цех тәулігіне 2,5 мың дана өнім өндіреді. Оны тек өз өнімдерін құюға пайдаланады.

Данияр Болыспаев, цех басшысы:

2015 жылы мені осы зауыт атынан Германияға оқу жіберді. Онда мен пластик құтыларды дайындау бойынша білім алдым. Сөйтіп 2016 жылы біздің зауытқа пластик құты шығаратын техника әкелінді. Оны іске қосқанда басы-қасында өзім жүрдім. Қазір, міне, осы және химиялық қорғау құралдарының өндірісі цехтеріне басшылық етемін.


Бөлісу