Алматыда әуе рейстері кешігіп жатыр
Алматыда қалың қар жауып, күн күрт суытты. Қолайсыз ауа райына байланысты әуе рейстері кешігіп жатыр. Қаладағы көлік қозғалысы да қиындап, 10 балдық кептеліс пайда болды. Соңғы тәулікте жол апаты жиілеген. Қалың қардың салдарынан жарақат алып, ауруханаға түскен тұрғындар да бар.
Салтанат Айбасова алғашқы қар түскен күні-ақ аурухана түсті. Ол баспалдақтан тайып құлап, тобығын сындырып алған. Дәрігерлер жедел түрде ота жасады. Қазір науқас дәрігерлердің бақылауында, бірнеше күннен кейін ем-домын үйінде жалғастырады.
Салтанат Айбасова, тұрғын:
Баспалдақта келе жатып, қарға тайып құладым. Енді гипс 1,5-2 ай болады. Балдақпен жүремін. Емі 5-6 ай деді. Жәй ғана гипс сала алмаймыз, операция керек дегеннен кейін осы орталыққа қаралуға келдім.
Дәрігерлердің айтуынша, алғашқы қар түскен күндері жарақаттанғандар саны күрт артады. Көбісі - егде жастағы кісілер. Олардың арасында тобық пен шынтақ сүйектерінің сынуы, сондай-ақ бас миының жабық жарақаты жиі тіркеледі. Мамандар мұндай жағдайда бірден жедел жәрдем шақыру қажет екенін ескертеді.
Бауыржан Қалымбетов, дәрігер-травматолог:
Кетіп бара жатқан адам болсын дер кезінде науқасты таңғыштармен байлап, жедел жәрдем қызметкеріне дер кезінде телефон соғуы керек. Кей кезде науқастар өзін-өзі емдеумен айналысып, асқыну пайда болады. Немесе сынықшыларға барады. Сынықшылар кей кезде сынықтарды жіберіп жатады.
Көк тайғақтан жаяу жүргіншілердің жарақат алуынан бөлек, қаладағы жол-көлік апаттары да жиілейді. Мәселен, өткен тәуліктен бері Алматыда 30-дан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10-ға жуық жолаушы зардап шеккен. Қалалық полицияның мәліметінше, апаттардың басым бөлігі қысқы дөңгелекке ауыспаған жүргізушілердің кесірінен болады.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Өздерінің автокөліктерін міндетті түрде алдын-ала қыс маусымына дайындау қажет. 1 желтоқсаннан бастап заң бойынша әкімшілік шаралар қолдануға хақылымыз. 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген. Қазіргі уақытта түсіндірме, профилактикалық жұмыстарды жүргізіп жатырмыз.
Қазір көлік дөңгелегін ауыстыру орталықтарында ұзын-сонар кезек. Қызмет құны да біраз қымбаттаған. Жүргізушілер бағаның өсуіне қарамастан, сағаттап кезек күтіп тұр.
Бекарыс Әбдірахманов, кәсіпкер:
Екі күннен бері жұмысымыз қызып жатыр. Жеңіл көліктерді 10 мың теңгеден ауыстырып жатырмыз. 3 операторымыз бар.
Шаһарда соңғы бір тәулікте шамамен 20 миллиметр жауын-шашын түскен. Бұл – қарашадағы айлық норманың жартысына тең. Мегаполистің коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Қолайсыз ауа райынан Алматы әуежайында да таңнан бері рейстер кешігіп жатыр. Олардың арасында ішкі және халықаралық бағыттар бар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы