Президент «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалын аралады
Мемлекет басшысы іссапармен Қызылорда облысына барды. Президент облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралады. Солардың ішінде жаңа әуежай терминалы мен жылу электр орталығы, сондай-ақ нан-тоқаш цехы бар.
Президент ұшақтан түсе салысымен «Қорқыт ата» әуежайынының жаңа терминалын аралады. 16 млрд теңгеден артық жеке инвестиция тартылған су жаңа нысан Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы мен Азаматтық авиация ұйымының жоғары стандарттарына сай келеді. Терминал әуежайдың өткізу мүмкіндігін 300 мың жолаушыдан 500 мыңға арттырды.
Енді әуежай жылына 2 млн жолаушыға қызмет көрсете алады. Аптасына 29 рейс жасайды. Жоба Сыр өңірінің көлік инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, туристік әлеуеті мен инвестициялық тартылымдылығын арттырады.
Президент су тапшылығы мәселесіне назар аударды
Қызылода облысының әкімі Мемлекет басшысына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы есеп берді. Сондай-ақ инвестициялық жобалар жайлы айтты. Соның бірі суды үнемдеуге қатысты.
Ардақ Зебешев, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:
Біздің өңірде су тапшылығын ескере отырып, облыс әкімдігі инвесторлармен бірге басқа суды үнемдейтін дақылдарға өту жұмысын жүргізуде. Осы биылдан бастап күріш көлемін азайтып, оның орнына жүгері егу жұмыстарын бастадық. Бірінші кезең басталды, оған 24 млрд теңге тартылған.
Өңір жұртшылығымен кездескен Мемлекет басшысы да өңір үшін су мәселесі өте өзекті екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шын мәнінде, су – өте өзекті мәселе. Су тапшылығына баса назар аударамыз. Келешекте су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр.
Абзал Ералиев, Қазақстанның Еңбек Ері:
Диқандардың жұмысында үлкен қиыншылық болды. Бірақ өздеріңіздің тарапыңыздан қабылданған шешімнің арқасында егіс толығымен сумен қамтамасыз етілді. Сыр диқандарының атынан сізге шын ризашылығымды білдіремін.
Тәулік бойы жұмыс істейтін президенттік кітапхана ашылады
Жұртшылықпен тілдесу барысында Мемлекет басшысы мәдениет, өнер саласына мән беретінін, Астана мен Алматыда тәулік бойы қызмет көрсететін президенттік кітапхана салынып жатқанын, үшіншісі Қызылордада ашылатынын жеткізді. Айта кету керек, былтыр қалада Өнер орталығы ашылды. 1000 орынға шақталған орталықта концерттік, шығармашылық және қоғамдық іс-шаралар өтеді. Қасым-Жомарт Тоқаев осы орталықтың да жұмысымен танысты.
Мүсілім Әмзе, облыстық симфония оркестрінің көркемдік жетекшісі:
Мұндай орталықтар басқа облыс орталықтарында бар. Бізде мұндай 1000 орындық концерт залы болған емес. Бұған дейін театрда өткіздік. Ол 600 орындық. Олардың барлығы бүгінгі талапқа сай болмаған. Ал қазір көріп отырсыздар, жарықтандыру, аппараттар, сахнаның кеңдігі және аккустика. Бүкіл жағдайдың бәрі жасалды.
Президент бірқатар нысанды аралады
Мемлекет басшысы «Сыр жұлдыздары» шығармашылық инновациялық-академиясының да қызметімен танысты. Кешенде бассейн, спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, шығармашылық студиялар мен зертханалар бар. Сонан соң академиядан шығып, қазан айында ашылған нан-тоқаш цехына барды.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Кәсіпорын макаронның, тоқаштың түрін және кондитерлік өнімдердің 20 түрін шығарады. Сондай-ақ нанның 100 түрін пісіреді. Дәл осы цех облыс халқының 15-20 пайызын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Ержан Ескендір, «Қызылорда нан» цехының құрылтайшысы:
Жалпы құны 5,6 млрд теңгені құрап отыр. Бұл жерде 120 адам жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік қолдау шаралары болды. 5 гектар жер берілді. 70 млн теңгеге инженерлік инфрақұрылым тартылды.
Бүгінде өнімдерінің 30 пайызы кәсіпорынның жеке сауда желілеріне, ал 70 пайызы қала аумағындағы және маңындағы дүкендерге жіберіледі. Цехтан шығып, Президент қызылордалықтардың басты проблемасын шешкен жаңа жылу-электр орталығына барды.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бұған дейін қызылордалықтар суды арнайы құрылғылардың көмегімен жылытып келді. Өйткені мына ескі жылу электр станциясының барлығын бірдей ыстық сумен қатамасыз етуге қауқары жетпейді. Бұл мәселені мына жаңа жылу-электр орталығы шешті. Орталық сағатына 277 гекокалория жылу мен 240 мегаватт электр энергиясын өндіреді.
Айта кету керек, бұл Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы инвесторлар қаражатына салынған алғышқы жылу-электр орталығы.
Алган Сарачоглу, «Aksa Energy Qyzylorda» ЖШС директоры:
Бұл жылу-электр орталығы газбен жұмыс істейді. Дегенмен газ келмей, тоқтап қалған жағдайда 10 күн қатарынан дизель отынмен де жұмыс істей береді. Яғни, қандай жағдай болмасын қала халқы жылусыз, ыстық сусыз қалмайды.
ЖЭС-тен шығып Президент жуырда ғана пайдалануға берілген су жаңа стадионға атбасын тіреді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Бұл Қазақстандағы УЕФА стандарттарына сай келетін үшінші стадион. 11 мың жанкүйерге шақталған аренада жуырда ғана Қазақстан кубогінің финалы өтті. Стадионның ерекшелігі тек футбол матчтарына арналған. Ал ішкі бөлігінде бокс, спорт гимнастикасы, ауыр атлетика және күреспен айналысатындарға арнайы кешен ашылған.
Мемлекет басшысы былтыр ашылған тарихи-өлкетану музейіне де барды. Сонау 1939 жылы негізгі қаланған мұражайдың осы кезге дейін типтік ғимараты болмаған.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Аумағы 3 мың шаршы метрді алып жатқан бұл ғимаратта 12 экспозициялық зал бар. Біз дәл қазір Сығанақ базарындамыз. Жалпы, мұнда 70 мыңға жуық экспонат жиналған. Соның 25 мыңнан астамы түпнұсқада сақталған. Солардың бірі ретінде мына сақ дәуіріндегі зергерлік өнердің биік үлгісін айтуға болады. Мына алтыннан жасалған сырға мен әшекей бұйымдарды біздің заманымызға дейінші 4-2 ғасырларда сақ әйелдері таққан.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің дамуына оң бағасын берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жалпы, облыстың дамуы жақсы. Жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Бәрі дұрыс сияқты.
Экономикалық дамудан бөлек, қазір облыс орталығы мен елдімекендерді абаттандыруға да үлкен көңіл бөлініп отыр. Мәселен, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында біршама жұмыс атқарылған.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
Аудандарда да, елді мекендерде де абаттандыру жұмыстары, көгалдандыру, парктерді қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта да осы жүмыстарды жалғастырамыз.
Аймақтың алдағы
жоспары ауқымды. Биыл 270 млрд теңгеден астам қаржы тарту көзделіп отыр. Оның
70 пайызы жеке инвестиция. Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш
жылда құны 2 трлн теңге болатын 90 жоба жүзеге асырылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы