Басты Жаңалықтар Қоқысты айдалаға заңсыз төгіп тастау азайып келеді

Қоқысты айдалаға заңсыз төгіп тастау азайып келеді

Қазақстанда заңсыз қоқыс полигондарының саны соңғы бес жылда екі еседен астам қысқарды. 2020 жылы 8 мыңнан астам заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың 66 пайызы жойылған. Ал 2025 жылы анықталған полигондар саны 3828-ге дейін азайып, жою көрсеткіші 97 пайызға жетті. Бақылау тиімділігін арттыру үшін Экология министрлігі ғарыштық мониторинг аумағын кеңейтіп келеді. Бақылау жыл сайын сәуірден қарашаға дейін жүргізіледі. Биылдың өзінде  884 заңсыз қоқыс полигионы анықталып, оның 196-сы жойылған. Олардың ең көбі Абай, Қостанай, Ұлытау облыстарының аумағында тіркелген.

Ерболат Кожиков, ЭТРМ экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:
Бақылау тиімділігін арттыру үшін Министрлік Ұлттық компаниямен бірлесіп, ғарыштық мониторингтің қамту аймағын үнемі кеңейтіп келеді. 2018 жылы мониторинг 16 елді мекенді қамтыса, 2024 жылға қарай қамтылған аумақтар саны 46-ға дейін артты.  Бақылау республикалық маңызы бар қалаларды, облыс орталықтарын, ірі елді мекендерді және Баянауыл ұлттық паркі мен Бурабай ұлттық паркі сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қамтиды.

Заңсыз қоқыс орындарымен күрес аясында мобильді топтар жұмысын жалғастырып жатыр. Биыл сәуір айында заңсыз полигондарды анықтау және жою жөніндегі жедел штаб құрылды. Рейдтер барысында қосымша 488 қоқыс полигоны анықталған. Сонымен қатар, қоқыс полигондарын жою туралы ақпаратты жаңарту жеделдігін арттыру үшін ғарыштық мониторинг жүйесіне деректер енгізу функциясы жергілікті атқарушы органдарға берілді.


Бөлісу