Жазушы Шерхан Мұртазаның қолжазбалары Ұлттық архивке табысталды
Жазушы Шерхан Мұртазаның әйгілі «Қызыл жебе» романының түпнұсқа қолжазбасы Ұлттық архив қорына табысталды. Сондай-ақ зерттеу жазбалары, сирек кездесетін суреттері мұрағатқа өтті. Құнды деректерді «Егемен Қазақстан» газеті беріп отыр.
Шерхан Мұртаза жазған хаттар, сирек кездесетін суреттер кәдімгідей «сөйлеп» тұр. Қаламгердің өзі де мұндайға құнттап қараған сияқты. Мәселен, жиырма жылға жуық қатталған «Қызыл жебе» романы жинақы жазылған. Тек сөйлеу жүйесі мен емлесіне өзгеріс енген. Шамасы, қолжазба баспаға жөнелтуге дайындаған соңғы нұсқаға ұқсайды.
Дихан Қамзабекұлы, «Қазақ Газеттері» ЖШС бас директоры:
Баспаға басылым дайындайтын кезде соны түзетіп, күзетіп, кейбір жеріне түсініктеме беріп, солай жасаған. Бұл ғалымдар үшін аса маңызды. «Қызыл жебе» қалай өмірге келді? «Қызыл жебе» қалай түзетілді? Немесе «Қара маржан», «Сталинге хат» пьесасы қалай түзетті, шығармашылық үдеріс қалай жүрде деген сұраққа жауап береді.
Ұлттық архив қорына қаламгердің 6 мың парақ материалы берілді. Оның ішінде
Тұрар Рысқұлов туралы зерттеулері мен «Бесеудің хаты» екі бөлімді драмасының қолжазбасы,
қойындәптері мен құжаттар жинағы бар.    
Әсия Керімтаева, ҚР Ұлттық архивінің жеке тектік құжаттармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы:
Бұл құжаттардың барлығын біз қабылдап алдық. Қазіргі таңда қағидаға сәйкес, акклиматизациядан өтіп, сәл қараусіз қалған құжаттар біздің тілмен айтқанда «емделіп», жеке қорға қабылдауға дайындалып жатыр. Біз енді ол құжаттарды мәңгілікке сақтаймыз.
Осылайша, қазақ қоғамына «Егемен» ұғымын енгізген қаламгер мұрасы Республика күні қарсаңында қалың оқырманмен қайта қауышып отыр. Алдағы уақытта құнды қолжазбалар заман талабына сай цифрландырылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы 
                                 
                                 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                    