Басты Жаңалықтар Көкшетау ұлттық табиғи паркінде соңғы 5 жылда бірде-бір өрт тіркелмеген

Көкшетау ұлттық табиғи паркінде соңғы 5 жылда бірде-бір өрт тіркелмеген

Ақмола облысындағы орман алқабын екі мыңға жуық маман көздің қарашығындай қорғайды. Солардың бірі – 166 жылдық еңбек өтілі бар  Ержігітовтер әулеті. Жасыл желекті күтіп ұстауды атадан балаға жалғаған еңбек адамдарымен әріптесім Бибінұр Әмірханқызы кездесті. 

Ержігітовтер әулетінде орман шаруашылығындағы қызмет атадан балаға мұра болып, осымен екінші ғасыр үзілмей келеді. Соғыс ардагері Айып аталарының еңбек жолын Ибраим мен келіні Күллі жалғастырды. Бүгінде немерелері Амангелді, Дәурен, Анар ұрпақтар сабақтастығының озық үлгісін көрсетіп жүр.

Күллі Ержігітова, зейнеткер:

Біздің әулеттен Ибраимнің әкесі Айып атамыз соғысқа дейін орман шаруашылығында жұмыс істепті. 29 жыл орман шаруашылығында істеген. Сосын соғысқа кеткен. Одан кейін келіп, қайта жалғастырып, Полуденскийде жұмыс істепті.

Күллі әженің көшет отырғызып, оны баптауда тәжірибесі мол. Айыртаудағы орманды алқапты кезінде техника күшімен отырғызған едік деп еске алады. Ал бүгінде сол орманды қорғау ұлы Амангелдінің қызметтік міндеті.
Орманшылардың жұмысы қашан да қауырт. Амангелді Ержігітов – орманды қорғау инженері болып, 2001 жылдан бері еңбек етеді. Жауапты қызметтегі басты міндеті – орманды өрттен қорғау, сонымен қатар заңсыз аң аулап, ағаш кесетіндерден сақтау.
Амангелді Ержігітов, орман қорғау инженері:

Осы орманның әрбір ағашы маған ыстық. Осында бала кезімізде дендропаркте, орманда ойнадық. Жұмысты өте жақсы көремін. Соңғы 5 жылда бір өрт те болған жоқ. Ол бүкіл филиалдың жұмысы. Орманшыдан бастап, директорға дейін. Бүкіліміз жұмыс істеп жатырмыз.

Ал әулеттің кенжесі Анар ұлттық парктің Айыртаудағы филиалында 14 жылдан бері қызмет етеді. Ол сирек кездесетін және Қызыл кітапқа енген өсімдіктер туралы дерекқорды толықтырып отырады.
Анар Ержігітова, ғылым бойынша мемлекеттік инспектор:
Қызыл кітапқа енгізілген 9 түрі бар. Сирек кездесетін өсімдіктің бесеуін таптым. Бала кезімнен ата-анам, ағаларымның жұмысына қарап, табиғатқа сүйіспеншілік пен ұқыптылықты көрдім. Маған осы жұмыс ұнайды. Осы филиал мамандарымен бірге мектептерде табиғатты қорғау әңгімелерін жүргіземіз.
Көкшетау ұлттық табиғи паркінің Айыртау филиалында соңғы бес жылда бірде-бір өрт тіркелмеген. Бұл осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың қырағылығының арқасы. Биыл филиалға 6 қызметтік көлік пен 4 трактор берілді. Бейнекамералар орнатылып, орман өртін орталықтан бақылауға мүмкіндік туды. 


Бөлісу