4 млн жылқының тек 1 пайызы асыл тұқымды
Қазір елімізде 4 миллионнан аса жылқы бар. Алайда соның 1 пайызы ғана асыл тұқымды. Сондықтан ғалымдар «Қамбар ата» түлігінің сапасын көтеру керек дейді. Ал сәйгүлікті табындап ұстап отырған шаруашылықтар бұрынғыдай будан емес, жергілікті қолтуманы көбейтуге мүдделі.
Қыс қатты болса, жылқы қырылады. Соңғы жылдары бұл үрдіс әдетке айналды. Ақиқатында дәл бұрынғыдай ақтүтек боран, сақылдаған аяз, белуардан келер қар жоқ. Бірақ күйі болмаса, қылқұйрықтылар қысқа шыдамайтын болды.
Әлібек Базарғалиев, Қазақ жылқы шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы:
Қысқа төтеп бере алмайтын болып, жылқыларымыздың бәрі буданға айналып кетті ғой. Ресейден әкеліп қосты, басқа жерден әкеліп қосты - «ірілетеміз», «бойын үлкейтеміз», «салмағын көбейтеміз» деді. Осылайша көп нәрсені бүлдіріп алған жағдай бар. Біздің жылқыларды неғұрлым табиғаттан алшақтата берсек, соғұрлым олар өз қасиетін жоғалта бастайды.
Жылқы саны бойынша қазір еліміз Кеңестік замандағы статистиканы шаң қаптырды. Бірақ сан емес сапа маңызды болып тұр.
Болат Аманбаев, тілші:
Бүгінгі күні Қазақстанда 4 миллионнан аса жылқы бар екен. Соның 40 мыңға жуығы ғана асыл тұқымды. Бұл Қамбар ата түлігінің өсіп жатқандығы емес, өшіп жатқандығының белгісі.
Себебі, кез-келген түліктің ең кемі 10 пайызы таза қанды болса ғана өсім береді дейді ғалымдар.
Набидолла Кикебаев, Республикалық жылқы өсірушілердің «Қамбар ата» қауымдастығының президенті:
Асыл тұқымды жылқылардың саны 1 пайыз болып қалды. 4 миллионға дейін жылқының көп болып жеткенімен, сапасы төмендеп тұр. 10 пайыздан төмендесе әрі қарай сапа жағынан дамуы тоқтап қалады.
Көрмеге 6 өңірден жылқы әкелінді. Асыл тұқымды жылқының дені - етті түлік. Мініске төзімді Ерейменнің атақты шұбарлары да келді. Бұлардың бәрі тебінге мықты.
Мәулетқазы Құлжабаев, Шаруашылық басшысы, Абай облысы, Мақаншы ауданынан:
Шұбар - соғыс кезінде әскер басшылары мінуі үшін арнайы шығарылған тұқым екен. Ерекшелігі - ірі әрі төзімді, аштыққа да, шөлге де, жайылым жағдайына да бейім. Сондай-ақ бұл жылқылар таулы, жазық және орманды жерлерге тез үйреніседі. Бұл - ата-бабаларымыздың сол кезеңде жылқы генетикасына ерекше мән беріп, зор маңыз танытқанының айқын дәлелі.
Президент тапсырмасы бойынша былтыр Ақтөбеде жылқы шаруашылығын ғылыми зерттеу институты ашылды. Бұл мекеме түліктің тұқымын асылдандырып, шетелге шығаруы тиіс. Сондай-ақ алдағы уақытта әскер мен ауруханаларда, спорт мектептері мен интернаттарда жылқының еті рационға енгізілуі мүмкін.
Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бүгінгі күні барлығы қара малдың етін алады. Депутаттар болып үкіметке ұсыныс жасадық. Осы жылқының етін мемлекеттік сатып алуға енгізу керек деп. Ол енді мемлекеттік сатып алу, бүкіл сатып алудан алатын болсақ 20 пайызға дейін жетеді екен.
Көрмеде Ақтөбенің Мұғалжар жылқысы, одан кейін Павлодардың Жәбесі мен Абайдың Бесқарағай тұқымы үздік танылды. Қазанат деп дәріптелген қазақтың таза қанды сәйгүліктерін жетектеп кеткендер енді мейлінше сапаға мән бермек.
Автор
Болат Аманбаев
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Түркістан облысында білім бөлімінің 43 қызметкері сотталды
17.10.2025, 20:38

Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шараларының тиімділігі
17.10.2025, 20:34
Депутаттар: Банк қызметкерлері жеке деректерді сатқан
17.10.2025, 20:33
Банктердің жеке деректерді сақтау мерзіміне қатысты талап қатаңдайды
17.10.2025, 20:30
Диқандар қызылшаны зауытқа өткізе алмай жатыр
17.10.2025, 20:26
Кәсіп иелерінің 70 пайызының салық жүктемесі азаяды
17.10.2025, 20:17
Өртке оранған пәтерден екі баланы аман алып шыққан батыр
17.10.2025, 20:09
Президент құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады
17.10.2025, 20:03