Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері басталды
Мәскеуде Ресейдегі Қазақстанның мәдениет күндері басталды. Оның аясында бірнеше ірі мәдени шара өткізу көзделген. Кеше қазақстандық кино күндері ашылса, Третьяков галереясында «Қазақстан өнерінің жауһарлары» аттты көрме ұсынылды. Екі елдің мәдени ынтымақтастығын тереңдете түсетін шараға Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен ресейлік әріптесті Ольга Любимова қатысты. Көптің көңілінен шыққан көрме XX ғасырдағы Еуразиялық өнердің маңызды кезеңін байқауға мүмкіндік береді. Экспозицияда 60-тан астам кескіндеме және мүсін жұмыстары қойылған. Соңғы рет Мәскеуде қазақ суретшілерінің көрмесі 1991 жылы өткен. Міне, 34 жылдан кейін әлемдегі танымал мұражайлардың бірі – Третьяков галереясында есігін қайтадан айқара ашты.
Ольга Любимова, РФ мәдениет
министрі:
Екі ел арасындағы ынтымақтастық пен әріптестікті нығайтудың кепілі әрине мәдениет пен ортақ құндылықтарды дәріптеу, сақтау, рухани байлық. Сондай-ақ біздің халықтарымыздың достық байланысы. Бүгін біз Қазақстанның Ресейдегі Мәдениет күндерін қуана қарсы аламыз. Мәскеу тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан Республикасының бай мәдениетіне бойлауға, танысуға мүмкіндік беретін бағдарлама дайындалды.
Инна Ильдеткина, Самара облысының тұрғыны:
Біз Самара облысынан арнайы келдік. Мені Қазақстанның бейнелеу өнері қызықтырады, өйткені мен Қазақстанда туып, 12 жасыма дейін сонда тұрдым. Көрмеден ерекше әсер алдым, жүрегім елжіреп, сағынышымды бастым.
Көрмеде 1920 жылдардан, яғни кәсіби қазақстандық кескіндеме мектебі пайда болған сәттен бастап қазіргі Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі жұмыстар ұсынылған. Мәскеу қаласының тұрғындары мен қонақтары 23 қарашаға дейін бейнелеу өнері арқылы қазақ халқының бай мәдениетімен, тарихымен таныса алады.
Джемма Манукян, өнертанушы:
Елуінші, алпысыншы, тіпті сексенінші жылдардағы суретшілердің туындылары қойылған. Бірнеше онжылдықтан кейін суретшілердің көзқарасы қалай өзгергенін суреттер арқылы біле аламыз. Көрмеде қазіргі заманауи Қазақстан да айқын бейнеленген. Ерекше атап өтетіні, әр суретшінің кәсіби шеберлігі жоғары екені көрініп тұр.
Қазақстанның мәдени күндері аясында Мәскеудегі «Поклонка» кинотеатрында «Патриоттар уақыты» атты әскери экшн фильмі және «1941 жылдың жазы» кинокартинасы көрсетілді. Жалпы көрермендер алты түрлі жанрдағы фильмді тамашалай алады.
Дмитрий Давиденко, РФ мәдениет министрлігі кинемотография және цифрлық даму департаментінің директоры:
Қазақстан мен Ресей бірлесіп кино түсіруді бұрыннан қолға алған. Бірлесе сапалы дүние жасап шығардық. Бұл дәстүрден жаңылмай, әрі қарай да әріптестікті бекітуге ниеттіміз.
Мамандардың айтуынша, бұл шаралар екі
ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтып, әріптестік
көкжиегің кеңейте түседі.