Басты Жаңалықтар Базалық мөлшерлеме 18 пайызға өсті

Базалық мөлшерлеме 18 пайызға өсті

Базалық мөлшерлеме 18 пайызға өсті. Ұлттық банк төрағасы мұны инфляцияны тежеудің тиімді тетігі деп түсіндірді. Бұл қымбатшылықты тежейтін жалғыз жол ма? Енді бизнес пен халықтың несиеге қолжетімділігін қаншалықты қиындайды? Эконмистермен тілдескен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.

Осыдан бірнеше ай бұрын 16,5 пайыз деңгейінде бекіген базалық мөлшерлеме бүгін 18 пайызға өсті. Бұған елдегі қымбатшылық себеп болып отыр дейді,- Ұлттық банк төрағасы. Қазір инфляция деңгейі 13 пайызға жақындап қалған.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Инфляцияның өсуіне негіз болып отырған негізгі фактор – азық-түлік пен ақылы қызметтердің қымбаттауы. Айлық инфляция және оның тұрақты бөлігі айтарлықтай жеделдеп келеді. Биыл 8 айда экономика 6,5%-ке өсті. Бұл – 14 жылдағы рекордтық көрсеткіш. Фискалдық және квазифискалдық қаражаттың бөлінуі сұраныстың тұрақты болуын қамтамасыз етіп отыр. Бұл сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтықтың өсуіне әкеліп, бағаға қысым көрсетіп тұр.

Мұны қарапайым тілмен түсіндіріп көрсек. Мәселен, елде ақша арзандап, несие алу оңай болса, адамдар да, бизнес те көбірек қарыз алады. Біреу көлік алады, біреу пәтер жөндейді, енді біреу кәсіп ашады. Бұның бәрі нарықта сұранысты күшейтеді. Ал бұл бағаны көтереді. Сондықтан базалық мөлшерлемені өсіру арқылы Ұлттық банк кредиттің қолжетімділігін қиындатып отыр.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Базалық мөлшерлемені көтеру инфляцияны қысқа мерзімде тежеудің ақша несиелік құралы ғана. Инфляцияның құрылымдық себептері өндірістің тапшылығы, логистикалық шығындар, импортқа тәуелділік, монополия сияқты мәселелерді шешу үшін басқа фискалдық дейміз, өндірістік және бәскелестік саясаттың да бар екенін белгілі. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде ғана біз базалық мөлшерлемені көтермей-ақ басқа жолдарды қарастыруға болады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Базалық мөлшерлеменің өсуі бұл бірінші кезекте несие пайызын өсіреді. Бұл дегеніміз қарапайым халықтың тұтынушық несие алуын қиындатады. Сондай-ақ кәсіпорындардың қаржы айналымын шектейді. Бұның барлығы әрине экономиканың өсу қарқынын бәсеңдетеді,-дейді экономистер. Яғни сауда баяулайды. Сұраныс төмендейді. Сол кезде кәсіпкерлер де бағаны өсірмей, ұстап тұруға тырысады.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Біздегі екінші деңгейлі банктердің басым бөлігі экономиканың нақты секторын емес, тұтынушылық несиеге бағыт алып кеткендіктен соның нәтижесін көріп отырмыз. Бірінші кезекте импортты алмастыратын жүйені жолға қоюмыз керек. Екіншіден, біздегі экономиканы ілгерілететін 4 сала: ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсібіміз, шағын және орта бизнесіміз, төртіншісі жаңа технологиялар. Осы төрт саланың дамуына да Ұлттық банк қоян-қолтық кірісуі керек.

Дегенмен инфляция деңгейі төмендемесе, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы да көтермек. Базалық мөлшерлеменің өсуін позитивті жағынан да қарастыруға болады дейді мамандар. Мәселен, енді қаражатын депозитке отандық валютамен салған азаматтарға екінші деңгейлі банктер жылдық 19–20 пайыз мөлшерінде сыйақы төлейді.


Бөлісу