Павлодарда шомылу маусымы басталмай жатып 3 адам суға кетті
Шомылу маусымы басталмай жатып Павлодарда үш адам суға кетті. Бұл мәселе облыстық әкімшіліктің аппарат отырысында көтерілді. Аймақта негізінде шомылуға рұқсат етілген 45 жағажай бар. Дәл қазіргі уақытта оның 7-і ғана дайын. Соңғы 2-3 күнде ауа температурасы 37 градусқа дейін жетті. Аптап ыстықта тұрғындар суға түсіп салқындауға асығады. Естеріңізге сала кетейік, былтыр өңірде шомылу маусымында 14 адам қайтыс болды.
Рустамбек Амрин, Павлодар облысы бойынша ТЖД бастығы:
Өткен жылы суға кетіп қайтыс болған адамдардың екеуі бала. Ал, ересек 12 адамның 10-ы мас күйінде суға түскендер. Облыс бойынша қауіптілігі аса жоғары 7 аумақ белгіленген. Ол жерде Ертіс өзенінің иірімі де, ағысы да өте қатты. Біздер тәулік бойы бақылауда ұстаймыз.
Өткен жылы аймақта суға шомылу тәртібін бұзған 56 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып 900 мың теңгеге жуық айыппұл өндірілді. Биыл жаза қатаңдатылмақ. Жағажайда мас күйінде жүрген адамдар айыппұл төлеумен қатар уақытша тар қамаққа жабылуы мүмкін. Тәртіп бұзу мен қауіпсіздік бейнекамералар арқылы бақыланады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы