Ақмола облысында 750 шаруа «Кең дала 2» бағдарламасымен қаржыландырылды
Елімізде қазанның бірінен бастап 2026 жылдың көктемгі-далалық жұмыстарын несиелендіруге тапсырыс қабылдау басталды. Шаруаларды ерте қаржыландыру олардың мол өнім алуына үлкен сеп. Мәселен, биыл ақмолалық кейбір шаруалар гектарынан 40-50 центнерге дейін өнім алды.
22 жылдан бері егін егіп, шаруасын тіктеген зеренділік Жұмабек Төлебаев биыл дәнді-дақылдың өнімділігі бірнеше есе жоғары болды деп қуанып отыр. Мемлекеттен берілген жеңілдетілген несиенің қаржысына шаруа бірінші кезекте жерге тыңайтқыш сіңіріп, топырақты құнарландырып алған.
Жұмабек Төлебаев, «Айжан» шаруа қожалығының басшысы:
50 млн ақша алдық. Ол ақшаға жанармай, тұқым, тыңайтқыш алдық. Тұқымдарым, биыл элита алғам. Егін жақсы шықты. 50-ден алған алқап болды. Бірінші рет солай алып отырмыз. Жерге сепкесін, жермен жұмыс істеуі керек. Жырту керек, тыңайтқыш себу керек.
Асқар Қортаев, «Unicorn crops limited» жеке компания филиалының директоры:
Осы жылы біз «Кең даладан» 1 млрд тг қаражат алдық. Ол бізге пайдалы болды. Көмегі көп тиді. ГСМ алдық, дақыл алдық, жалақымызды бердік жұмысшыларымызға. Тыңайтқыш алдық, 2 мың тонна. «Кең даланың» арқасында алға аяқ бастық.
Биыл «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша ақмолалық 750-ден астам шаруа қаржыландырылды. Диқандар 5% жеңілдікпен 44 миллиардтан астам қаржыға қол жеткізген.
Ал Ауыл шаруашылығы министрінің келтірген мәліметінше, елімізде күзгі жиын-терімнің 84 пайызы аяқталды. Көктемгі дала жұмысы мен күзгі жиын-терімнің өзіне ғана 750 миллиард теңге бөлініп отыр. 250 миллиард теңге лизингке жаңа техника алу қарастырылған. Оған қоса түрлі мемлекеттік бағдарламалар шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, өнім көлемін ұлғайтуға сеп болған.
Айдарбек Сапаров, Ауыл шаруашылығы министрі:
«Кең дала 2» деген бағдарлама шықты. Бұл өте бір ыңғайлы, 5 пайыздық, көктемгі егіс науқанына, күзгі егін жинау науқанына бөлінген ақша. Бұл жерде былтыр қаржыландыруды ерте бастадық. Қараша айында. Соның арқасында шаруашылықтар тұқым ала бастады, тыңайтқыш ала бастады, гербицид ала бастады. Техника жаңалай бастады. Соның арқасында мынандай өнімнің көрсеткіші жақсы болып тұр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
