Ұлыбританияда ағза донорына тапшылық рекордтық деңгейге жетті
Ұлыбритания азаматтары тірі кезінде ағза доноры болуға қарсы болмаса, қайтыс болған соң оның органдарын медициналық мақсатта пайдалануға Заң рұқсат етеді. Солай бола тұра елде трансплантация кезегін күтіп жүргендер көп.
Қазір Ұлыбританияда 8 мыңнан астам науқас, оның ішінде 300-ге жуық бала ота кезегінде тұр. Тағы 4 мыңдайы трансплантацияға жарамсыз болғандықтан күту парағынан уақытша алынып тасталған.
Мелинда Фокс, Ұлыбритания трансплантология орталығының әкімшісі:
1 донордың ағзасы шамамен 8 адамның өмірін сақтап қала алады. Ал егер оның тіні пайдаланылса, 50-ге жуық науқасқа көмек көрсетіледі. Донор болу – қоғам үшін өте маңызды. Өкінішке қарай, трансплантацияны күтіп, оған үлгермей көз жұмғандар аз емес.
Ұлыбритания заңнамасына сәйкес, адам көзі тірісінде донор болуға ресми түрде қарсы болмаса, қайтыс болған соң оның ағза мүшелері донорлыққа пайдаланылады. Бірақ бәрібір туыстарының келісімі қажет. Мәселен, өткен жылы бақилық болған 520 адамның жақындары трансплантацияны қолдамапты. 173 адам тірі кезінде ресми рұқсат еткеннің өзінде ағайындары қарсы болған. Сондықтан мамандар адамдарға өз шешімін алдын ала айтып отыруы қажет деп ескертеді.
Дженни Минто, Шотландияның Денсаулық сақтау және әйелдердің денсаулығын қорғау министрі:
Азаматтар өмірден өткен соң ағза доноры бола алатынын отбасына хабарлағаны жөн. Халықты ақпараттандыру үшін әлеуметтік желілер мен басқа да арналар арқылы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл – туыстардың шешім қабылдауын жеңілдетеді.
Еуропалық Одақ елдерінде ағза донорлығына қатысты ережелер әртүрлі. Мәселен, Испанияда да «автоматты келісім» жүйесі бар және бұл ел ұзақ жылдар бойы донорлық көрсеткіш бойынша әлемде көш бастап тұр. Әрбір миллион тұрғынға 50-ден астам донордан келеді. Ал Германияда керісінше, тек адамның тірі кезінде берген жазбаша келісімі болғанда ғана ағзасы трансплантацияға пайдаланылуы мүмкін. Сондықтан бұл елде де донор тапшылығы байқалады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
