Елімізде жыл сайын донорды күткен 300-дей науқас көз жұмады
Елімізде жылына донорды күткен 300-дей науқас көз жұмады. Себебі, қоғамда өзгеге ағзасын беру мен «мәйіттік донордан» әлі де үркеді. Ал трансплантацияның шамамен 90 пайызы туыстар арасында жасалған.
Қозы Көрпеш Жасаралұлы, тілші:
Сағат тілі сырғыған сайын 4,5 мыңға жуық жанның үмітін үрей жеңе бастайды. Өйткені, дендеген дертке қарсылық қылар қауқар жоқ. Бірақ, бір ғана мүмкіндік бар. Ол – ағза ауыстыру. Десе де, донор десе, дүйім елдің пікірі қақ жарылады? Неліктен?
Сәуле Ермекбай, Астана қаласының тұрғыны:
Өйткені, адамдардың көбі медицинаға сенбейді деп ойлаймын. Сол себепті кейбірі «қара нарыққа» кетіп қала ма деген күдік бар. Дегенмен, үмітім бар. Бұйырған нәрсе болады.
Сәуле Ермекбайдың 18 жасында екі бүйрегі істен шығып, бойжеткенді аурухана төсегіне алып ұрған. 10 жыл бұрын ақ халаттылар бір бүйрегін ауыстырған. Бірақ, жылдар өте, қайтадан сыр бере бастаған.
Сәуле Ермекбай, Астана қаласының тұрғыны:
Маған қойылған ең соңғы диагноз осылай. Егер аяқ астынан қан қысымым көтерілсе, бір күнде жоқ болып кетуім мүмкін. Сол себепті донор табылуы біз үшін үлкен үміт. Қазір мәйіттік донорға күту парағына тіркелдім. Дегенмен донор кезегінің жылжуы өте баяу.
Мамандар мәліметінше, бүйрекке - 3828, бауырға 219 науқас кезекте тұр. Сондай-ақ, 27 адам - өкпе, 145 жан жүрекке зәру. Кезекте тұрғандардың 128-і - бала. Ескеретін жайт, бұл тек ағза ауыстыруға қабілетті жандардың тізімі.
Жақсылық Досқалиев, Медицина ғылымдарының докторы:
4 мың дегеніміз – тек осы операцияға шыдай алатын адамдар. Ал жалпы мұқтаж жандарды қоссақ, бұл санды үшке көбейтуге болады. Демек, 12 мың адамға ағза қажет. Өкінішке қарай, ағза жетіспегендіктен олардың қатары жыл сайын азайып барады. Көбі өмірден ерте кетіп жатыр.
Бүгін Астанада Еуропалық донорлар күніне орай форум өтті. Сарапшылар сөзінше, елімізде жыл сайын 300-ден аса науқас трансплантацияға жете алмай, көз жұмады. Себебі, ағза ауыстырудың шамамен 90 пайызы тек туыстық донордан жасалады. Ал мәйіттік донор мәселесіне келгенде қоғамда көзқарас әртүрлі. Әсіресе, дін тұрғысынан әлі де тартыс күшті. Бірақ:
Елбек Тасболатұлы, ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы:
Мәйіттік донор болуға шариғат белгілі шарттар негізінде рұқсат береді. Бұл туралы ғалымдарымыз дәлелдер келтіріп, оны қуаттап отыр.
Мэлс Асықбаев, Ұлттық ғылыми онкология орталығы ағзаларды транспланттау секторының жетекшісі:
9 айдың қорытындысы бойынша 9 бүйрек пен 4 бауыр мәйіттік трансплантациясы жасалды. Алайда 4,5 мың науқас күтіп отырған кезде бұл 13 ота жеткіліксіз. Жыл сайын шамамен 300-дей адам ағза жетіспеушілігінен көз жұмып жатқанда, 13 немесе ары кетсе 20 трансплантация мұқтаждарды толық қамтамасыз ете алмайды.
Ақ халаттылар мәйіттік донор сегіз адамға жаңа өмір
сыйлай алады дейді. Былтыр 23, биылдың
өзінде 40-қа жуық мәйіттік трансплантация жасалған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
