Басты Жаңалықтар Ақмолалық диқандар егіннің 70 пайызын жинады

Ақмолалық диқандар егіннің 70 пайызын жинады

Ақмолалық диқандар өңірдегі егіс алқабының 70%-ын орып, 5 млн тонна астық жинады. Өнімнің шығымы жақсы. Гектарына орташа есеппен 15,6 центнерге жетіп тұр. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары, - дейді мамандар. Дала диқандарының қызу жұмысы келесі бейнематериалда.

Ақмолалық диқандар биыл да рекорд жасап, 7 млн тонна астықты қамбаға құймақ. Қазір егістік алқабында орақ науқаны қызу. Бұландылық диқан Қазақстан Жанәділов 22 мың гектар егістік алқабының бүгінде 60%-ын орып үлгерді.

Қазақстан Жанәділов, «Eltai Agro» серіктестігінің директоры:  

Биыл бидайдың сапасы көңілден шықты, жақсы болып тұр. Клейковинасы 24, натурасы 150-ден асып тұр. Өзімде кептіргіш бар. Қоймаларымыз бар. Элеваторымыз бар. Соның арқасында бидайды, лёнді өзіміз тапсырып отырамыз.

Биыл ақмолалық шаруалар мемлекеттік қолдаудың арқасында бидайдың сапалы тұқымын егуге мүмкіндік алған. Сондықтан егіннің шығымы да жақсы. Мәселен Бурабайдағы Қазақстанның астық консорциумына жататын ірі серіктестік биыл гектарынан 23 центнер өнім алудан үмітті.

Әсел Ағзамова, «Бурабай-2007 GCK» ЖШС бас агрономы:

Урожайность жаман емес. Клейковинамыз 3-ші класқа сай келіп тұр. 23 пайыздан жоғары 26 пайызға дейін, ақуызымыз да 3-ші классқа сәйкес кеп тұр. 2024 жылы 20,6 ц бір гектардан алдық, барлық дақылдарды санағанда сол орташа көрсеткіш болды. Биылғыға 22-23 деп санап жатырмыз.

Биыл өңірде 7 миллион тоннадан аса астықты сақтау мен кептіруге мүмкіндік бар. Лицензияланған элеваторлардан бөлек, дәнді кептіруге тәулігіне 230 мың тоннадан астам өнім өңдей алатын 264 кептіргіш қондырғы тартылды.

Ренат Қасенов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Облысымыз бойынша 66 лицензиялы элеватор жұмыс жасайды. Сыйымдылығы 4,2 млн тонна. Егін науқанына 7 мың комбайн астық жинайтын комбайн жұмыс жасап жатыр. Соның 4800-і жоғары заманауи комбайндар.

Облыста ауыл шаруашылығын цифрландыру жұмыстары астық сақтау орындарында белсенді енгізілуде. Мәселен Бұландыдағы мына элеваторда жасанды интеллектінің арқасында жеткізілген дәнді дақылдың сапасын бір минутта анықтауға мүмкіндік бар.

Бибінұр Әмірханқызы, тілші:

Бүгінгі күні өңірдегі элеваторларға жаңа өнімнен астықтың 1,5 млн тоннасы жеткізілді. Бидайдың басым бөлігі сапалы, яғни 71% -дан астамы 3-класқа жатады.

Ауа райы қолайлы болса, ақмолалық диқандар орақ науқанын 10-15 күнде толық аяқтаймыз деп отыр.


Бөлісу