Басты Жаңалықтар Қазақстанда атом мамандарын даярлауға жыл сайын квота бөлінеді

Қазақстанда атом мамандарын даярлауға жыл сайын квота бөлінеді

Жұмада өткен ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Президент екінші, үшінші атом электр станцияларын жоспарлай беру керек деді. Ал тұңғыш АЭС-ке орай негізгі оператор «Росатом» корпорациясымен келіссөздер кезінде «әрдайым еліміздің мүддесін ескеру қажет, келісімдердің барлығы әділетті, теңгерімді, тиімді болуы тиіс», - деді.
Дегенмен елде білікті инженерлер мен техникалық мамандар тапшы екеніне тоқталды. Атом саласында да. Жоғары оқу орындарын бітіріп жатқан түлектердің 90 пайызы - бакалаврлар. Ал ғылым докторларының үлесі 1 пайызға да жетпейді.
Сондықтан докторантураға бөлінетін грант санын көбейту қажет. Мысалы, келесі жылдан бастап атом мамандарын дайындау үшін жылына 20 квота бөлінеді.
Алматыдағы Ядролық физика институтының базасында көп мақсатты зерттеу реакторын салу мүмкіндігін қарастыруды, Абай облысында АЭС салу перспективасын ескере отырып, Курчатовтағы ғылыми қалашықтың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Отандық радиофармацевтикалық препараттарды әзірлеу міндетін қойды.
Ал цифрлы мемлекет құру – ол мемлекет болып қалып-қалмауға байланысты мәселе деген пайымын тағы айтты.
«Цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу – іргелі әрі ұзақ процесс. Оның әлем экономикасына жанама әсерлері мен ықпалын мұқият зерделеп, анықтау қажет. Алайда бұл технологиялық үрдіс бүкіл халықтар мен мемлекеттердің келешегін айқындайды... Сондықтан біз жылдам қимылдап, ең батыл шешімдер қабылдаудан қорықпауымыз қажет. Сонда ғана біз өзімізге жүктелген тарихи миссияны орындай аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Елең еткізген мәлімдемесі – «жаһандық климаттық бастамалар кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды. Сондықтан елдің энергетикалық тұрғыдан ешкімге тәуелді болмауы үшін ауқымды жұмыс атқаруымыз керек» дегені.
«Дубайда, Бакуде өткізілген жаһандық климаттық саммиттерге қатыстым. Әсерімді бірқатар әріптестерге және Үкімет мүшелеріне жасырмай жеткіздім: бұл кең ауқымды алаяқтыққа ұқсайды... АҚШ Президенті Дональд Трамп та Біріккен Ұлттар Ұйымында сөз сөйлегенде «Климаттың өзгеруі дегеніміз – бұл жаһандық алаяқтық» деп дәл солай айтты. Сондықтан Қазақстан 35 жылдан кейін ғана карбон көздерінен құтылады деп ресми ұстанымымызды жарияладық.
Қазір Қазақстанда 118 миллиард киловатт энергия өндіріледі. Бұл – жеткіліксіз... Қазақстан жылына шамамен 113 миллион тонна көмір өндіреді, бұл тұрғыдан алғанда әлемдегі ең ірі он мемлекеттің қатарына кіреді. Бұл – біздің актив, жетістік, оны дұрыс пайдалануымыз керек. АҚШ Президенті «Маған жел ұнамайды, маған көмір ұнайды» деп өте дұрыс айтты. Расында, жел станциялары өте қымбат, өндірілетін энергия да қымбат, ондай станциялар табиғатқа зор зиян тигізуі мүмкін. Қазір озық технологиялар көмірді жақсы тазалайды, оның зияны жоқ», - деді Қ.Тоқаев.

Бөлісу