Басты Жаңалықтар Сарапшы: БҰҰ жарғысын жаңартатын уақыт келді

Сарапшы: БҰҰ жарғысын жаңартатын уақыт келді

Біріккен ұлттар ұйымының жарғысын қайта жазу заман талабы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бас ассамблея сессиясындағы ұсынысы әлем елдері арасында қолдау табады. Сарапшылар осылай дейді. Президент ұсыныстарының негізгі тұстарын біз қазір халықаралық сарапшы Жұмабек Сарабековпен талқылаймыз. Жұмабек мырза, Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысын реформалау мәселесін нақты дәйектермен көтерді. Сіздің пікіріңізше қазіргі жаһандық геосаяси жағдайды ескере отырып, ұйым жарғысын реформалау кезінде қандай негізгі факторлар мен өзгерістер ескерілуі тиіс?

Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институты директорының міндетін атқарушы:

Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесі неліктен көтеріліп отыр? Ең басты себеп – ұйым екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі күштер тепе-теңдігін негізге алып құрылған. Ал қазіргі уақытта әлемдік тәртіп пен геосаясат түбегейлі өзгерді. Президент өз баяндамасында да БҰҰ-ны заманға сай бейімдеу қажеттігін атап өтті.

Ең үлкен өзгерістердің бірі – БҰҰ Жарғысына түзетулер енгізу. Біріншіден, құрылымдық тұрғыдан Қауіпсіздік Кеңесін кеңейту қажет. Себебі әлемдік сахнада жаңа геосаяси ойыншылар – Үндістан, Түркия, Бразилия сияқты орта державалар күшейді. Екіншіден, Жарғының мазмұнын қазіргі заманға бейімдеу керек. 1945 жылы қабылданған құжатта терроризммен күрес, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект сынды жаңа сын-қатерлер ескерілмеген. Сондықтан БҰҰ Жарғысын заманауи талаптарға сәйкестендіру қажет.

Президент орта державалардың әлемдік аренадағы рөліне де назар аударды. Алпауыт елдер келісімге келе алмаған жағдайда орта державалардың ұстамы маңызды екенін айтты. Сіздіңше, орта державалардың саяси-экономикалық ықпалы қандай болуы тиіс және олар жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықта қандай ерекше функция атқара алады?

Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институты директорының міндетін атқарушы:

Орта державалардың басты артықшылығы – прагматизм. Ал алып державалардың (АҚШ, Қытай, Ресей) геосаяси мүдделері мен амбициясы өте жоғары болғандықтан, ортақ келісімге келу қиын. Ал орта державалар шешім қабылдауда барынша прагматикалық, олардың мақсаты – консенсус емес, ымыра табу. Әртүрлі мүддені тоғыстырып, бір үстел басына жинай алатындар – осы орта державалар. Өйткені алып державалардың өзара текетіресі тым жоғары, жақын арада келісімге келеді деу қиын.

Сонымен бірге экономикалық тұрғыда ең серпінді өсім көрсетіп отырған да – жаңа ойыншылар, яғни орта державалар. Демек олардың дауысы мен пікірін ескермеуге болмайды. Бұл туралы да Президент Тоқаев өз баяндамасында атап өткен.


Бөлісу