Басты Жаңалықтар Қ. Тоқаев: БҰҰ жаңғырту Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудан басталуы тиіс

Қ. Тоқаев: БҰҰ жаңғырту Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудан басталуы тиіс

Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері болуы керек. Әрі ол ротация тәртібімен ұсынылуы керек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 80-ші сессиясының Жалпы дебатында осындай ұсыныс айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, осындай нақты қадамдар арқылы ұйымның ықпалы мен беделін арттыру керек. Президент басты халықаралық ұйымның мінберінен тағы қандай мәселелерді көтерді?

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

БҰҰ әмбебап және баламасы жоқ құрылым. Десе де оған деген сенімге селкеу түскен. Себебі, халықаралық құқықты өрескел бұзу «қалыпты жағдайға» айналды дейді мемлекет басшысы. Салдарынан әлемдегі тұрақтылыққа нұқсан келіп, мемлекеттердің бір-біріне сенімі әлсірей түсті. Сондықтан президент ұйымның беделін арттыру үшін толассыз талқыға салмай реформалау қажетін тағы еске салды. Әсіресе орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Біріккен Ұлттар Ұйымын жаңғыртуды көздейтін мұндай батыл әрекет Қауіпсіздік Кеңесін реформалаудан басталуға тиіс. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек. Сонымен қатар Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды. Іс жүзінде орта державалар қазірдің өзінде теңгерімді сақтауға және өзара сенімді нығайтуға үлес қосып, халықаралық қатынаста жағымды рөл атқара бастады. Ұлы державалардың бастары бірікпегенде немесе барша адамзатты алаңдататын өзекті проблемаларды шешуге қауқарсыздық танытқанда, мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айналады.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру, - деді Президент. Бұл орайда, ұйымның жарғысын қайта қарап, жаңғырту керек. Ал, әлемде қарулану әрекеті күшейді. Былтыр мемлекеттер 2,7 триллион доллар жұмсаған. Бұл – рекордтық көрсеткіш деген мемлкет басшысы есесіне жаһандағы зорлық-зомбылықтан келген залалдың шығыны 20 триллион долларға жеткенін еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: 

Сондықтан әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру халықаралық қоғамдастық үшін ең басты басымдық болуға тиіс. Біз ядролық қару қолдану қаупін күрт азайтуды, ядролық державалар арасындағы жоғары деңгейдегі диалогты қайта бастауды қолдаймыз, көпжақты әрекеттің жандануына күш салуымыз керек деп
санаймыз. Кең көлемде алып қарасақ, соғысқұмарлық менталитетін түп-тамырымен жоятын күрделі жұмысқа кіріскен жөн. Бұл жүзеге асыруға болатын шаруа. Бастысы, мемлекеттердің бейбітшілік жолында қанша қаржы жұмсап отырғанына мұқият мән беру керек.

Жалғас Сәдібекұлы тілші: 

Мемлекет басшысы Украина мен Газадағы жағдайға да тоқталды. Бұл дағдарыстар бейбіт тұрғындардың жазықсыз қаза тауып, жаһандық сенімге селкеу түсіргенін айтты. Қасым Жомарт Тоқаевтың айтуынша, келешек ұрпақтың қамы үшін екі жақ та барынша ұстамдылық пен жауапкершілік танытуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

Газадағы гуманитарлық дағдарыстың ауқымы тіпті қорқынышты. Оған бей-жай қарау мүмкін емес. Бұл қақтығыстың тарихи тамыры тым күрделі. Біз осы жауласудың түпкі себебін ескерусіз қалдыра алмаймыз. Қазақстан әскери іс-қимылды дереу тоқтатуға, бейбіт тұрғындарды толық қорғауға және халықаралық гуманитарлық құқық аясындағы көмектің кедергісіз жетуін қамтамасыз етуге шақырады. Біз екі мемлекеттің бейбіт қатар өмір сүруіне негізделген шешімді құптаймыз

Жалғас Сәдібекұлы тілші:

Осындай алағайып заманда Орта Азияның көш басшы елі ретінде Қазақстан ізгілікке үндейтін жаһандық бастамаларды қолдауын күшейтпесе азайтпайды. Оның ішінде араағайындық және бітімгер рөлін жалғастырады. «Біздің таңдауымыз: үстемдік емес –тепе-теңдік, жіктелу емес – ынтымақтастық, соғыс емес – бейбітшілік- деді мемлекет башысы.


Бөлісу