Ақтөбе облысында жайылым жерге талас көбейді
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданына қарасты Родниковка ауылының халқы малын жайылымға шығара алмай отыр. Өйткені жақын маңдағы жерлердің барлығын серіктестік иеленіп алған. Тұрғындар ол аумаққа кіріп кеткен малымыз үшін миллиондап айыппұл төлеп жатырмыз деп ашынады. Сондықтан көбі төрт түліктерін түгелдей сатып жіберуге мәжбүр болған.
Жақсыбек Кемал, тілші:
Жайылым болмағандықтан ауыл халқы мал ұстаудан қалған. Тіпті жылқының өзі осылай ала жаздай қорада тұрады. Тұрғындар үшін жыл он екі ай малға азық тауып берудің өзі мұңға айналған.
Нұрғабыл Қалиев бұған дейін 30-40 сиыр, жүзден астам қой мен үйір жылқы ұстаған. Алайда соңғы жылдары мал жаятын жер қалмағандықтан, түлік санын азайтуға мәжбүр болыпты. Көбін алыстағы ағайынына апарып тастаған.
Нұрғабыл Қалиев, Родниковка ауылының тұрғыны:
Далаға шығара алмаймыз. Далаға шығарсақ, егінге түседі, штрафтайды, қамайды. Аямайды бұлар. Айдап апарып қамап тастайды. Ешкімнен рұқсат сұрамайды. Біз күштіміз, сотыңа бере бер дейді.
Серіктестікке тиесілі жер ауылдың дәл іргесінен басталады. Төрт түлік бұл аумаққа тек егін жиналған соң ғана жіберілген. Тұрғындар бұған дейін егістікке түскен мал үшін талай мәрте опық жегендерін айтады. Жуырда тек бір адамның өзіне 5 миллион теңгеге жуық айыппұл келген.
Көптілеу Құттыбалин, Родниковка ауылының тұрғыны:
Жыртады, сосын келесі жылы келеді де сол жыртқан жерге қоса береді, қоса береді. Сөйтіп ауылға келіп болды. Мал ұстайық десе, қиын. Малды көбі тапсырды. Себебі жайылым жоқ. Бұзау арқандайтын жер де жоқ қазір. Ал бұзау арқанды үзіп кетсе, штраф дейді.
Ауылдық округте 79 мың гектар жер бар. Оның 14 мыңы халықтың ортақ қолданысына берілген. Алайда бұл жерлердің көбі елді мекеннен он шақырым әріде жатыр. Амалы таусылған жұрт малының көбін сатып жіберген. Сауын сиырларын бақташыға бақтырады. Ал бұзаулары мен бірлі жарым жылқыларын қорада ұстайды. Серіктестік басшылығы ауыл іргесіндегі бұл жерден оңайлықпен айырылмаймыз дейді.
Есет Құсайынұлы, серіктестік басшысы:
Мал жібереді, мал барады да егінге жайылады. Біздің адамдар оны қамайды. Штраф салып жатқанымыз дұрыс, рас. Бес шақырым жерге егінді көшіретін болсақ, онда біз мына жердің бәрін тастаймыз да, ауыл шаруашылығымен айналыспаймыз.
Тұрғындардың айтуынша, ауылдың ондаған тұрғыны серіктестікте жұмыс істейді. Сондықтан көбі оларға қарсы шыға алмайды. Қазір мың жарым халқы бар үлкен ауылда мың сиыр мен 1520 қой-ешкі қалған.
Айбат Ербазиев, Мәртөк ауданы әкімінің орынбасары:
Басты талап – жерді ауылдан алшақтату болмаса қоршау. Назарға алынды, естідік. Ары қарай басшыларына, құрылтайшыларына халықтың талабын жеткіземіз.
Ауылдық округке тиесілі жердің жартысына жуығын бір ғана серіктестік иемденіп отыр. Басшылары мұнша жерді қоршау оңай емес дейді. Дегенмен жауаптылар халықтың талабын барынша ескереміз деп уәде берді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
