Алматы облысында «Ақ бидай» ауыл спорты ойындары басталды
Алматы облысында «Ақ бидай» VIII республикалық ауыл спорты ойындары басталды. 4 жылда бір болатын додаға еліміздің барлық өңірінен 2,5 мыңға жуық спортшы қатысып жатыр. Олар олимпиадалық, ұлттық спорт түрлерінен бақ сынайды.
Ашылу салтанаты шоу бағдарламамен басталды. 17 облыстан іріктеліп келген спортшылар өңір намысын қорғайды. Қатысушылар бәйге, құсбегілік, волейбол сынды 20 спорт түрінен өнер көрсетеді. Олардың арасында Шыңғыс Зәкен де бар. Балуан қазақ күресінен 55 келі салмақта шаршы алаңға шығады.
Шыңғыс Зәкен, палуан:
«Ақ бидай» ұлттық ойындарының жеңімпазы боламын деген ойдамын. Қарсыластарым осал емес. Жан-жақтан жақсы дайындалып келген. Бұл жарысқа да жайдан-жай қоя салмайды. Жарты жыл іріктеліп өтіп, мықты-мықты балуандар ғана күреседі бұл жарыста.
Жарыстың ерекшелігі сол – мұнда ауылдан шыққан спортшылар ғана сынға түседі. Қатысушылар спорт шебері немесе спорт шеберіне үміткер болмауы шарт. «Сондықтан бұл дода ауыл дарындарын анықтауға зор мүмкіндік», - дейді Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров.
Ардақ Назаров, Мәжіліс депутаты:
Бұл «Ақ бидай» ойындары Қазақстанда 4 жылда бір рет өтеді. Олимпиада іспетті. Меніңше екі жылда бір рет түсіру керек сияқты. Өйткені бұл жерде спортшылардың қызығушылығы артатын еді. Ауыл спортының көтерілуіне, жетістікке жетуіне бір күш болатын еді.
«Ақ бидай» республикалық сайысы Алматы облысының 4 ауданы мен Қонаев қаласында өтеді. Жарыс 17 қыркүйекке дейін жалғасады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, ауқымды дода ауылдағы ағайынның спортқа қызығушылығын арттырады.
Рахман Шаһарбек, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
Алматы облысында 600 мыңнан астам адам жүйелі түрде дене шынықтыру және спорт түрлерімен айналысады. Бұл халықтың 40 пайызға жуығы. Және де осы «Ақ бидай» жарысына облысымыздың 200-ге жуық спортшысы 20 спорт түрінен қатысып жатыр. Осы жарыстағы әрбір спорт түріне дайындалған құрама командалар Алматы облысының спорттық дайындығын жаңа деңгейге көтеретіні сөзсіз.
Топтан оза шапқандарға қаржылай сыйақы қарастырылған. Сондай-ақ жеңімпазға – «Спорт шебері», жүлдегерлерге – «Спорт шеберіне үміткер» атағы беріледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
