Электросамокаттарды тек арнайы тұрақтарға қоюға рұқсат
Алматыда самокаттарды кез келген жерге, яғни жаяу жүргіншілер жолына, саябаққа тастап кетуге тыйым салынбақ. Электр көлігін тек арнайы тұрақтарға қоюға рұқсат етіледі. Президент Жолдауында электросамокат мәселесі көтерілгелі мегаполистегі полицейлердің де жұмысы қызды. Жаяу жүргіншілерге қауіпті көлікке айналған самокат мәселесі қалай шешілмек?
Бұл кадрлар голивудтық фильмнен үзінді емес, Алматы көшелерінде жиі кездесетін көрініс. Себебі самокат тебетіндер көбіне жол ережесін сақтамай, қаладағы қауіпті көлікке айналды. Қай жағынан қағып кететінін білмейтін жаяу жүргіншілер еркін жүруге жүрексініп қалғандарын айтады.
Мегаполисте жыл басынан бері электросамокатшылардың қатысы бар 17 мыңнан астам заң бұзушылық оқиғалары тіркелген. Оның 300-ге жуығы – жол-көлік апаты. Салдарынан 300 тұрғын зардап шекті. Зардап шеккендердің арасында миы шайқалып, ауыр жарақаттанғандар да бар дейді дәрігерлер.
Азамат Тоқтасын, дәрігер-травматолог:
Біз айына шамамен 500-600 науқасты қабылдаймыз. Көбіне жарақат алушылардың орта жасы 18-22 жасқа дейін. Келетін диагноздары қос, аралас жарақаттар, бас-миы шайқалуы, қол және аяқ жарақаты. Бұл жарақаттар адамдарға болашақта зиян келтіреді. Қан қысылуы мүмкін, ауру сезімдері болуы мүмкін.
Самокат тебетіндер Алматыдағы 90 шақырымға жуық вело жолмен жүреді. Бірақ көп жерде арнайы жолақ болмағандықтан, жаяу жүргіншілер жолымен жүруге мәжбүр. Сарапшы Нұрбол Қамзанов мұндай веложолды көбейту маңызды. Одан да маңыздысы - самокат тізгіндегендердің жолдағы жауапкершілігі мен қауіпсіздік ережелерін сақтап үйренуі дейді.
Нұрбол Қамзанов, көлік жүйелері мен инфрақұрылымы бойынша сарапшы:
Нидерландыда баламалы көлікке сұраныс не үшін көп? Өйткені инфрақұрылым қарқынды дамыған. Және тұтынушылардың мәдениеті өте жақсы. Ең біріншіден жеке адамның қауіпсіздігі. Әр тұтынушы соны білген дұрыс. Мемлекет, әкімшілік, оқу орындары осыны насихаттауы қажет. Яғни, идеология ретінде қауіпсіздік үшін түсіндірсек.
Алматылықтарды қауіпті қозғалыс қана емес, электросамокаттарды әр жерде ретсіз тастап кетуі де мазалайды. Қалалық мәслихат депутаты Бейбіт Құсайынов мұндай көлік санын азайту керек деп есептейді. Жолдағы тәртіпті шектеу арқылы ғана орнатуға болады деген ұстанымда.
Бейбіт Құсайынов, қалалық мәслихат депутаты:
Тротуарларда самокаттың жүруіне тыйым салу қажет. Сонымен қатар арнайы тұрақ орнату керек. Жылдамдықты азайту мәселесі және самокаттардың санын азайтуды қарастыру керек. Өйткені Алматы қаласы бойынша қазір 20 мыңнан астам самокат бар. Біз ол сан көп деп ойлаймыз.
Түйіткілді мәселені шешу үшін қалада 10 арнайы тұрақ ашылады. Пилоттық жоба қазан айының соңына дейін жалғасады. Қалалық әкімдік мұндай орындардың санын 200-ге жеткізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
