Жастарды қолдау бағдарламасы аясында 9 мыңға жуық маман жұмысқа кірді
Биыл елімізде жастарды қолдау бағдарламасы аясында 9 мыңға жуық маман жұмысқа орналасты. Ендігі меже – көрсеткішті 39 мың қызметкерге жеткізу.
Тігін станогының дүрсілі Адина Мұрат үшін таңсық. Себебі ол сәби шағында есту қабілетінен айырылған. Тағдырдың теперішін көрсе де, бойжеткен өмірлік жолын тапты. 2022 жылы «Менің алғашқы жұмыс орным» бағдарламасы аясында тігін шеберханасына жұмысқа орналасты.
Адина Мұрат, тігінші:
Мен Алматы қаласындағы колледжді бітірдім. Жұмыс тәжірибесі үшін осы тігін шеберханасына келдім. Көп жұмыс істедім. Соның арқасында мен тәжірибе алып, осы мекемеге жұмысқа орналастым. Өзіме барлығы ұнайды. Тапсырыстарды қабылдаймыз. Күніне 200-ге жуық киім тігеміз.
Әлеуметтанушы Айнұр Бақытжанова жас мамандарға арналған бағдарламалардың тиімді тұсы көп дейді. Жобалар түлектердің еңбек нарығына тез кірісуіне және мемлекеттің қолдауы арқасында кәсіби маман болып қалыптасуына сеп болады.
Айнұр Бақытжанова, әлеуметтанушы:
Жалпы, қоғам дуальды білім беру жүйесіне көшу керек. Қолданбалы салада жұмыс істейтін мамандардың білім беру жүйесіне, дағдыларды қалыптастыратын мамандарды білім беру жүйесіне кірістіру керек. Университеттен енді шыққан түлектерге бұл жерде еңбек нарығына кірсуге көмектеседі. Сонымен қоса бірінші кезектегі әлеуметтік көмектер алады.
Бүгінде Алматы қаласында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 8 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылған. Оның 4 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Әділет Жаңабаев, қалалық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ директоры:
Егер жұмыс берушілерге қалай тиімді десек, бұл - бағдарламалар. Бұл, біріншіден, ақысын толығымен мемлекет өтеп шығады. Одан кейін жастардың арасынан бір жыл бойы персоналды іріктеп, тұрақты жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік болады.
Айта кетейік, «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысу үшін жасы 35-ден аспаған, оқуын соңғы бес жылда аяқтаған түлек болуы шарт. Алғашқы жұмыс орны жобасына еңбек өтілі жоқ жастар қабылданады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
