Еліміз бойынша кәсіпкерлікті қолдауға 2,2 трлн теңге бөлу қарастырылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Еліміз бойынша кәсіпкерлікті қолдауға 2,2 трлн теңге бөлу қарастырылған

Еліміз бойынша кәсіпкерлікті қолдауға 2,2 трлн теңге бөлу қарастырылған

Биыл еліміз бойынша кәсіпкерлікті қолдауға шамамен 2,2 трлн теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде 7,5 мың кәсіпкер түрлі бағыттағы мемлекеттік қолдауға ие болды. Мәселен, ауыл шаруашылығы бағытында көрсетілген қолдау бойынша Ақмола облысы бірінші орында келеді.

Ақмолалық шаруалардың 328 жобасына қолдау көрсетілді. Жалпы сомасы 80 млрд теңгені құрайтын несиесіне 67,4 млрд теңге кепілдік алған. Бұл диқандардың көктемгі егіс пен күзгі ораққа дер кезінде кірісуіне мүмкіндік берді.

Болатбек Әсенов, шаруа:

32 миллионға жанармай сатып алдық. Үкімет бекіткен 254 теңгелік бағамен және «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы кредит рәсімдедік. Өйткені орақ кезінде қаржы ауадай қажет. Осы қаражатқа жөндеу жұмыстарын жүргізіп, саймандар алдық, жанармай қамдадық. Дайындығымыз толық: кептіргішке газ да сатып алдық.

Бүгінде «Даму» қоры арқылы мемлекеттік қолдаудың бірнеше түрі жүзеге асырылуда. Мәселен, еліміз бойынша 3400 кәсіпкердің несиесіне 510 млрд теңге кепілдеме берілді. 2,5 мың кәсіпкер 345 млрд теңге көлемінде субсидия алды.

Нұрбол Жанабеков, «Даму» қорының басқарушы директоры:

Мемлекеттен субсидияға қаржы бөлінуде. Биылдың өзінде 270 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар маусым айынан бастап жеке кәсіпкерлерді қолдау үшін 750 млрд теңге бөлінбек. Оның ішінде 450 млрд теңгесі екінші деңгейлі банктердің қаражаты есебінен бағытталады.

Көкшетаулық Дана Қабиденова білім беру орталығын осыдан 10 жыл бұрын ашты. Өзі ағылшын тілі мұғалімі болғандықтан, алғашқыда кабинет жалдап, балаларды жеке оқытқан. Кейін мемлекеттік тапсырыс алып, шет тіліне қоса, қазақ тілі мен орыс тілдерін және математикадан қосымша білім береді.

Дана Қабиденова, жеке кәсіпкер:
Алғашында шағын кабинеттен бастаған ісімізді бүгінде мемлекеттік қолдаудың арқасында кеңейтіп, несие алдық. Бұрын, шамамен 10 жыл бұрын, кеңсені жалға алсақ, қазір сол қолдаудың нәтижесінде өз кеңсемізді иеленуге мүмкіндік туып отыр.

Ақмола облысы бойынша 61 мыңнан аса кәсіпкер түрлі салада жеке ісін дөңгелетіп отыр. Жыл басынан бері шағын және орта бизнеспен айналысатын  кәсіпкерлердің 71 жобасы 8 млрд теңгеге қаржыландырылды.

Айнагүл Байдәулетова, «Даму» қорының аймақтық филиалының директоры:

Біздің қолдауымызбен кәсіпкерлер 6,5 трлн теңгенің өнімін өндіріп, 459 млрд теңге салық төледі. Бұл кезеңде 43,3 млрд теңге субсидия беріліп, 9 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде кәсіпкерлер саны 2,5 мыңға артты. 4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылды.

Бөлісу