Өзбекстан тәуелсіздік күнін атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстан тәуелсіздік күнін атап өтті

02.09.2025

Өзбекстан тәуелсіздік күнін атап өтті. 1 қыркүйекте бауырлас елдің егемендік алғанына 34 жыл толды. Ел президенті Шавкат Мирзиёев халықты айтулы мерекемен құттықтап, тәуелсіздіктің арқасында Өзбекстанның әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алғанын атап өтті. Сондай-ақ ұлттық тәуелсіздіктің тарихи маңызына тоқталды.

Соңғы жылдары көрші елде «Жаңа Өзбекстан» құру жолында маңызды қадамдар жасалып, көптеген салада оң реформалар жүзеге асып келеді. Мереке қарсаңында халық саны 38 миллионнан асты. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық және мәдени байланыстардың тамыры тереңде жатыр.

Орифжон Жалолов, Ташкент қаласының тұрғыны:

«Барлық отандастарымды тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Елімізде әрдайым амандық пен бейбітшілік болсын. Көршілес Қазақстанда жуырда Конституция күні аталып өтті. Бауырлас елге де дамудың даңғыл жолын тілеймін. Өзара татулық пен достығымыз арта берсін».

Көрші ел – біздің негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық қарым-қатынас «Еркін сауда» режимінде жүзеге асып келеді. Соңғы 7 жылда екі елдің сауда-саттық көлемі 5 миллиард долларға жуықтап, болашақта оны 10 миллиард долларға жеткізу жоспарланып отыр.

Базаркүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу