Ақордада 8 мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілері мен Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілінің Қазақстан Президентіне сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өтті. Олардың ішінде Украина, Үндістан, Алжир, Швеция, Бельгия, Латвия, Грузия елдерінің, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің елшілері мен БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі бар.
Сарангоо Раднаарагчаа, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілі:
Мен Қазақстанның тұрақты даму мақсаты тұрғысында жақсы дамып келе жатқанын көріп отырмын. Әлем елдері арасындағы даму рейтингі өте жоғары. Ауқымды істердің барлығына қоғам тұтас қатысады. Сондықтан Қазақстанның Үкіметімен, халқымен тығыз жұмыс істеуге дайынмын.
Ларс Стефан Эрикссон, Швеция корольдігінің елшісі:
Швеция Қазақстаннан географиялық тұрғыдан алыс болғанымен бізді байланыстыратын нәрселер өте көп. Швецияда өнертапқыштар өте көп. Бұл бағыттағы ынтымағымыз өте жақсы дамып келеді. Енді мен халықтарымызды, адамдарымызды жақындастыру тұрғысында жұмыс істемекпін.
Президент дипломаттарға Қазақстанның көп векторлы және теңгерімді сыртқы саясат жүргізіп отырғанын жеткізді. Мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған елшілерді құттықтап, олардың мемлекеттерінің басшыларына ыстық ықыласын жолдады. Ал сенім грамоталарын табыстаған елшілер Қазақстандағы жұмыстарының негізгі бағыттарын атап өтті.
Салли Джейн Аксуорси, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен Корольдігінің елшісі:
Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас үнемі нығая түсуде. Мен осы қарым-қатынасты нығайтудағы үйлесімді асыға күтемін. Мен үшін негізгі басымдықтардың бірі-екі жақты сауда мен инвестицияларды арттыру болады. Мен білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мақсат қойып отырмын.
Я.К.Сайлас Тангал, Үндістан республикасының елшісі:
Үндістан мен Қазақстан өте ұқсас мемлекеттер. Халықтардың мәдениеті, сауда, көлік транзит салаларында ұқсастық бар. Қазір екі елдің байланысы жыл санап артып келеді. Мен осы жерге сол ынтымақты арттыру үшін келіп отырмын.
Оңғар Алпысбай
