Лондонда Қазақстанның əсем табиғаты туралы түсірілген қысқа метражды деректі фильмнің тұсауы кесілді. «Тасбақа» деп аталатын туынды еліміздің батысындағы Үстірттің кең жазығын мекендейтін дала тасбақасы туралы сыр шертеді. «Тасбақа» қысқаметражды деректі фильмі Король географиялық қауымдастығының қолдауымен түсірілген. Авторы - Британ режиссері Саксон Босворт. Ол жергілікті мамандармен жəне дала тасбақасын сақтау бойынша табиғатты қорғау ұйымымымен бірге сирек кездесетін дала жануарын бүге-шүгесіне дейін зерттеген.
Саксон Босворт, режиссер:
Тасбақаның назардан тыс қалып қойған жаратылыс екенін түсініп, осы жобаны қолға алдық. Олардың барлығы жабайы табиғатта өмір сүре бермейді. Тасбақаның үстіртте миллиондаған жылдар бойы мекен етуі таңқалдырды.
Фильм Маңғыстау облысының «Үстірт» мемлекеттік табиғи қорығында 12 күн бойы таспаланды. Түсіру тобының құрамында 4 адам болып, олардың сыртқы əлеммен байланысы толық үзілген. Туындының тұсаукесері Лондон орталығындағы əлемдік деңгейдегі кинотеатрда өтті.
Том Аллен, Король географиялық қауымдастығының өкілі:
Бүгін көрермен залға лық толы болып, жаңа ақпарат алуға асықты. 350 адам бұрын-соңды Үстірт туралы білмеген де болуы мүмкін. Енді олардың Қазақстанның ғажайып табиғатына деген қызығушылығы оянды. Фильм стриминг платформасы арқылы да қолжетімді болады.
Мамандардың пікірінше, əлемде жабайы тасбақалар жойылып кету алдында тұр. Бұған жаһандық жылыну жəне адамдардың мəселеге селқос қарауы себеп. Туынды авторлары қалың көрермен фильмді көріп, өзінше ой түйіп, келешекте тасбақаларға деген қамқорлық күшейеді деген үмітте.
Марина Бекенова
