Қазақ-өзбек шекарасында құны 25 мың долларға жуықтайтын алтын бұйымдарды заңсыз алып өтпек болған жолаушы анықталды. Сондай-ақ кеденшілер қауіпті дәрілік заттарды өткізуге әрекеттенген топты қолға түсірді. Науаи кеден бекетінен өтіп бара жатқан әйел көп мөлшердегі зергерлік әшекейлерді денесіне жасырып шекара аспақ болады. Алтын бұйымдардың жалпы салмағы - 314 грамм. Тиісті заңға сәйкес, ел аумағына кіргізуге рұқсат етілген бағалы металл немесе тастардан жасалған әшекей 65 грамнан аспауы тиіс.
Мұнан бөлек екі ел арасындағы Келес бекетінде салмақ түсіріп, арықтауға көмектесетін өнімдердің аса ірі партиясын өткізбек болған топ қолға түсті. Түрлі капсулалар, пакеттегі шай мен кофелердің жалпы салмағы 1 мың тоннадан асады. Зертханалық тексеру кезінде бұл өнімдердің құрамында адам ағзасына өте зиянды заттардың бар екендігі анықталды. Күдіктілерге қатысты іс қозғалды.
Дилдора Юлдашева, дәрігер-эндокринолог:
Дәрігердің нұсқауынсыз ешқандай өнімді ішпеу керектігін кей тұрғындар әлі де түсінбейді. Жарнамасы жер жарған түрлі шай мен кофе, немесе капсулаларды тұтынып, артынша жүрек қан тамырлары сырқатына ұшырап немесе уланып жататындар көп.
Базаркүл Отыншиева
