Өзбекстанда жалақы мөлшері Орталық Азияның өзге елдеріне қарағанда төмен. Ал жұмыс іздеп, шет елге ағылатындар қатары артып келеді. Жыл басынан бері еңбек миграциясын кеңейту бойынша 17 мемлекетпен келісім жасалған. Орталық банктің мәліметінше, осы жылдың бірінші тоқсанында еңбекақы өсімі 7,2% болса, аймақтағы өзге мемлекеттерде бұл көрсетікіш 9,8%-ды құраған. Сарапшылар бұл халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуіне соқтыруы мүмкін дейді. Есесіне халықаралық ақша аударымдары 8,2 миллиард долларға дейін өскен, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27%-ға артық. Бірінші жартыжылдықта 86 мыңнан астам азамат шет елдерде жұмысқа орналасты. Сондай-ақ ел астанасының іргесінде бой көтеріп жатқан «Жаңа Ташкент» жобасы аясында жергілікті тұрғындар жұмысқа тартылып жатыр.
Равшан Назаров, экономикалық сарапшы:
Бұл - Өзбекстан үшін де, Ташкент шаһары үшін де аса маңызды жоба. Өйткені бас шаһарда халық саны еселеп артып келеді. Осы ретте әкімшілік ғимараттар мен туристер аялдайтын орындарды жаңа мекенге көшіру бастамасы қолға алынды. Жұмыссыздықпен күресте де рөлі зор, қаншама адам екі қолға бір күрек тапты.
Базаркүл Отыншиева
